Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-басшысы Дүтбаевты қамауда ұстау мерзімі ұзартылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Нартай Дүтбаевты қамауда ұстау мерзімі 26 наурызға дейін ұзартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2017 жылы 17 ақпанда Астана қаласы №2 Есіл аудандық соты Дүтбаев Нартай Нұртайұлының, Хасен Нұрлан Болатұлының және Нұртаев Ерлан Сүйімбайұлының қамауда ұстау мерзімін 2017 жылдың 26 наурызына дейін созды», - делінген Астана қалалық сотының «ҚазАқпарат» агенттігінің ресми сауалына берген жауабында.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекеттік органдардағы бірқатар лауазымды тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүзеге асыруда.

Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 2016 жылдың 26 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 185-бабы 3-бөлімінде («Мемлекеттік құпияларды жария ету») және 362-бабы 3-бөлімінде («Билікті немесе лауазымды өкілеттіктерді асыра пайдалану») қарастырылған қылмыстарды жасады деген күдікпен Дүтбаев Нартай Нұртайұлы, Хасен Нұрлан Болатұлы және Нұртаев Ерлан Сүйімбайұлы ұсталды.

Көрсетілген тұлғалар Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 128-бабына сәйкес ҰҚК тергеу оқшаулағышына қамалды.

Күдіктілердің және олардың туыстарының тұрғылықты жерлері бойынша тінтулер жүргізілді, заттай дәлелдемелер алынды. 

Соңғы жаңалықтар