Ұлттық банк зейнетақы аннуитеті бойынша төлемге кепілдік беруді ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкі зейнетақылық және сақтандыру аннуитетері бойынша төлемге кепілдік беруді ұсынды. Бүгін Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті мен «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясы жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің дөңгелек үстел отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Жанат Құрманов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиын барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады.

«Халықаралық тәжірибені ескере отырып, заң жобасы сақтандырудың әлеуметтік маңызды жекелей түрлері бойынша төлемдер болмаған жағдайда, сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының қосымша кепілдігін қарастырады. Жинақтаушы зейнетақы тұрғысында бізде инфляция деңгейінде сақталуы бойынша мемлекеттің кепілдігі бар. Банктердегі депозиттер аясында кепілдік беру жүйесі жұмыс істейді, яғни Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының қызметі қамтылған.

Алайда зейнетақы аннуитеттеріне және жұмысшыларды қайғылы жағдайлардан міндетті сақтандыру бойынша аннуитеттерге қатысты кепілдік жоқ. Әрине, толық кепілдікті қамтамасыз ету мүмкін емес. Яғни сақтандыру компаниясына біздің қоятын талапты алмастыра салуға болмайды. Алайда сақтандыру портфелін бір сақтандыру компаниясынан екіншісіне беру кезінде адамның қорғалмау жағдайы туындайды. Негізі, осындай бірлі-жарым оқиғалар болады, дегенмен де олар әлеуметтік тұрғыда маңызды. Осы орайда Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры кепілгер ретінде болып, мұндай сирек кездесетін жағдайларды шешуді қамтамасыз ете алады. Бұл өз кезегінде аннуитет шарттары бойынша адамға үздіксіз төлемдердің қамтамасыз етілуі ескеріледі», - деді Жанат Құрманов.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары заң жобасы сақтандыру нарығының бәсекеге қабілетті, тұрақты әрі қарқынды дамуын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар