Ұлттық банк қаржы нарығының орнықты жұмыс істеуі үшін шаралар қабылдауда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкі қаржы нарығының орнықты жұмыс істеуі үшін нақты шаралар қабылдауда. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қаржы жүйесінің негізгі секторы ретінде банк секторының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және экономиканың нақты секторын кредиттеуді қалпына келтіру мақсатында Ұлттық банк Қазақстан Республикасы банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасын іске асыруға кірісті», - деді ол.

Оның айтуынша, бағдарламаның бірінші бағыты Қазкоммерцбанкке қолдау көрсету Халық банкі стратегиялық инвесторының кіруі арқылы іске асырылды. Бұл мәміленің нәтижесінде екі институт та орнықты бола түсіп, ең аз талаптарды үлкен қормен орындауда.

«Ұлттық банк басқармасы бағдарламаның екінші бағыты - ірі банктерді қолдау аясында келіп түсетін өтінімдерді қарауды бастады», - деді Д.Ақышев.

Ұлттық банк басшысының айтуына қарағанда, таяу уақытта бөлінетін қаражатты игеру басталады. Ағымдағы қадағалау процесін жетілдіру және тәуекелге бағдарланған қадағалауға өту мәселелері пысықталуда.

«Сақтандыру нарығын дамыту бойынша заң әзірленіп, Парламентте қарауда жатыр. Ол сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігін арттыру үшін жағдайлар жасауға, сақтандыру қызметтерінің сапасын арттыруға және құнын төмендетуге, сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, сақтандыру нарығының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз етуге бағытталған», - деді  ол.

Сонымен қатар, Ұлттық банк басшысы ырықтандырылған валюталық режімнің қағидаттарын сақтауды, валюталық операциялардың мониторингін жетілдіруді, оның ішінде валюталық реттеу режімдерінің рәсімдерін оңтайландыру арқылы жетілдіруді көздейтін, валюталық реттеу мәселелері бойынша заң жобасы әзірленіп, келісу шарасынан өтіп жатқанын айтты.

Соңғы жаңалықтар