Ұлттық банк басшысы АҚШ доллары туралы ақпаратқа түсініктеме берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев әлемдік айналымнан қолма-қол АҚШ долларының алынып жатқаны туралы ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жақында бірнеше БАҚ бетінде Федералды резерв жүйесінің айналымнан АҚШ долларын алып жатқаны туралы ақпарат шыққан болатын. Тіпті айына 10 млрд АҚШ доллары алынған деген дерек пайда болды.

«Мен тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамын. Қазіргі таңда ФРЖ жаңа саясаты туралы ақпарат ресми түрде жарияланған жоқ. Ол тек кейбір БАҚ беттеріне шықты. Тіпті, ол қауесет рас болған күнде, бұл сома әлемдік жағдайды айтпағанда, АҚШ-тың нарығы үшін де елеусіз сома. Сондықтан біздің экономикаға оның ықпалы болмайды», - деді Данияр Ақышев.

Сондай-ақ  Д.Ақышев АҚШ-тың Ресейге салған санкциялары Қазақстан экономикасына қалай ықпал ететіні жайлы тілге тиек етті.

«Бұл үдерістің Қазақстан экономикасына ықпалы бейтарап болады деп бағалап отырмыз. Әлемдік шикізат нарығындағы көрсеткіштер тұрақты болса, Ресейге салынған санциядан келетін шығындар  өте аз болады», - деді ол.

Сонымен қатар бас банкир теңге бағамы құбылмалы болған кезде интервенция жүргізілгенін айтудан бас  тартты.  

Соңғы жаңалықтар