Үлкен Алматы айналма жолы: Құрылысқа 90% жергілікті тұрғындар қабылданады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов «Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы» жобасының концессиясы бойынша ҚР Инвестициялар және даму министрлігі ұйымдастырған конкурстың жеңімпаз компаниясымен кездесіп, жобаның облыс аумағында жүзеге асырылу барысын талқылады. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының» (ҮАААЖ) іске асырыла бастағанына қуаныштымыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұрақты бақылауының нәтижесінде осындай үлкен жоба қолға алына бастады. Бұл жол Алматы қаласындағы көлік легін азайтуға бағытталған. Дегенмен, ҮАААЖ-ның айналма жолы облыстың Қарасай, Іле, Талғар аудандарының аумағын да басып өтеді. Сондықтан қазірден бастап өз тарапымыздан барлық ұйымдастыру мәселелерінің сапалы атқарылуына ықпал етуіміз керек. Жобаға байланысты 742 жер учаскесін босаттық, бұл бағыттағы мәселелер толық шешімін тапты. Ендігі жерде техникалық сипаттағы мәселелерге назар аударып, олардың барлығын дер кезінде реттеуіміз керек. Өз кезегінде мердігер компаниялар жүктелген міндеттерді орындауы тиіс», - деді А. Баталов.

Мұнан соң «АЛСИМ АРКО» АҚ концессионер компаниясының вице-президенті Аббас Шахин жобаның таныстырылымын жасап, оны жүзеге асыру, құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде баяндады. Ол тоқталған мәселелер қатарында вахталық лагерь, карьерге арналған бұрма, инертті материалдарды пайдалану көлемі және тағы басқалары бар.

Облыс әкімі А. Баталов атап өткендей, ҮАААЖ жобасына қатысты туындаған кез келген мәселені ең алдымен жоғарыда аталған үш ауданның әкімдері және тиісті басқармалардың басшылары шешуі тиіс.

«Жоба жүзеге асырылатын үш жыл ішінде облысқа 512,3 млрд теңге инвестиция тартылады. Оған қоса, жаңа жұмыс орындары ашылады, осы жобаны іске асыру кезінде жұмысқа қабылданатындардың 90% жергілікті тұрғындардан болады, - деді А. Баталов.

Кездесу соңында облыс әкімі бұл жобаның орындалу барысы осы салаға жетекшілік ететін орынбасарлары А. Байжанов пен Ж. Тұяқовтың жіті бақылауында болатынын айтты.

Атап өтсек, «Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы» жобасы ұзындығы 66 шақырымдық автожолын салу мен іске қосуға бағытталған. Жабындысы цемент-бетонды автокөлік жолы 4 және 6 жолақты болмақ. Жобаның құрамына көлік жол айырығы, көпірлер, эстакадалар, жол көрсеткіштері және басқалары енгізілген. Құрылыс 2018-2021 жылдар аралығында жүрмек. Жобаның концессионері - «Alarko-Makyol-SK-Korea Express Way» түрік-корей консорциумы.

Соңғы жаңалықтар