Ұланбатырда қазақ құсбегілері әлем жұртшылығын өнерімен тәнті етті

None
None
БАЯН-ӨЛГЕЙ. ҚазАқпарат - Қыран құсын қолына қондырып, құзар шыңның басында аязға қарсы апай төсін керіп, еркін тыныстап тұрған аңшы бейнесі моңғол жұртшылығына әлде қашан таныс болса да, шетелдік саяхатшылар мен жолаушылар үшін бейтаныс жағдай және сирек кездесетін құбылыс. Моңғолия қазақтарының бүркітпен аң аулау дәстүрі мен әдет-ғұрпын жандандыру, болашаққа мұра ету, шетелдерге насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Көктемгі бүркітшілер тойы - 2018» шарасы кеше, наурыздың 4 -і күні «Чингис хааны хүрээ» туристік базасында басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Моңғолияның мемлекеттік туын ұстап, қыран бүркіт, әшекейлі, әрлеп-зерлеп  тігілген ұлттық киімдер, хас шеберлердің қолынан шыққан саятшылық әбзәлдәрімен сәнденген 20 салт атты көрермендердің алдында сап түзеп шеру тартты.
null

1999 жылдан бері жыл сайын өтетін «Бүркітшілер тойына» тұрақты қатысып келген, бүгіндері моңғол жұршылығына етене таныс Нұрғайып Рысұлы, Далайхан қатарлы азаматтармен бірге, сап қатарында үш қыз бала өнер көрсеткені биылғы жылдың ерекше оқиғасының бірі болды.

Олардың бірі - күллі әлемге «Бүркітші қыз» атымын мәшһүр болған Айшолпан Нұрғайыпқызы. Айшолпан «Бүркітшілер тойы-2014» сайысында жеңіске жеткеннен кейін саятшы қыздардың саны арта бастады. Мысалы, Баян-Өлгей аймағындағы 400-ге жуық бүркітшінің 11-і нәзік жандылар.

Салтанатты мерекелік шара Баян-Өлгей аймағының әкімі Ғылымхан Әйіпұлының сөзімен ашылды. Ол өз сөзінде «Бүркітшілер тойын»  Баян-Өлгей халқы 1999 жылдан бері аймақ көлемінде тойлай бастағанын атап өтті. «Бүгіндері бұл шара кеңейіп, бүкіл әлемнен қонақтар келіп тамашалайтын, үлкен мерекеге айналды. Қазақ халқының осы қасиетті дәстүрін, Моңғолия Үкіметі қолдап, 2010 жылы ЮНЕСКО-ның  жаһандық материалдық емес мәдени мұра ретінде тіркетті. Сондай-ақ, 2016-шы жылы Табиғи орта, саяхат, туризм мнистрлігі «Бүркітшілер тойын» жылдың ең таңдаулы саяхат және туризм шарасы деп таныды. Аталмыш той Баян-Өлгей аймағының туристік саласының дамуына салмақты үлес қосып, сонымен бірге даяшылық, қол өнер, кәде-сый, яғни сувенир, тігін секілді шағын және орта бизнеспен шұғылданушы кәсіпкерлердің кірісі артты» - деді  Ғылымхан Әйіпұлы.

Салтанатты шеруден кейін бүркітті аңға салу, көкпар тарту сайыстары басталды.
null

«Бүркітті аңға салу» байқауы екі кезеңде жүргізілді. Алғашқы кезекте бүркітті қолға шақыру сайысы өтті. Аңшы бүркітін тау басына тастап, өзі атымен тау етегіне түсіп қиқулап  шақырады. Тау басындағы бүркіт иесінің дауысын танып, ылдилап самғап ұшып аңшының қолына қонады.

Екінші кезекте, қоян, түлкі терісінен жасалған тұлыптарды сүйретіп, шырғаға шақырды. 500-1000 метр биіктен, тышқан, тараққұйрықты жазбай танитын қыран бүркіт, иесінің дауысы шығысымен шырқау көкке көтеріліп, сорғалап келіп иесінің сүйретіп келе жатқан шырғасын бүріп түседі. Бұрынғы жылдары тірі аңға  салып бүркіттің қырандығын сынайтын болса, биыл саяхатшылардың өтініші бойынша  арнайы тұлып дайындалған.         

Біз осы орайда Баян-Өлгей аймағынан келген бүркітшілерді әңгімеге тартуды да ұмытпадық. Ендеше қарт бүркітші Бабиұлы Бәйтейдің кеңесіне құлақ түрейік.

«Мен 86 жастамын. Яғни, бұл реткі шараға қатысушылардың ең үлкенімін. 1963 жылдан бері бүркітпен аң аулап келемін. Осы уақытқа дейін 40-тай бүркіт аңға салдым. Сондай-ақ, шәкірт тәрбиелеуге де назар аударып келемін. Жас бүркітшілерді 10 жасынан бастап бүркіт баулуға үйреткен жөн. Бүгінгі шараға қатысып жатқан бүркітшілердің ең кішісі - 12 жастағы ұл. Бүркітпен аң аулайтын уақыт жайлы әркім әртүрлі айтады. Алайда даланың киелі құсы, көк аспанның қожасы өз еркімен өмір сүруі  үшін, белгілі уақттан кейін босатып қоя береміз. Қазақ халқының нанымында бүркіт иесін жамандықтан қорғайды, ұзақ жасауына тілекші болады деген сөз бар. Осы жасымда саятшылық құрып жүргенім осыған байланысты ма деп те  ырымдаймын» - дейді қарт бүркітші.
null

Сұңқар, қаршыға, бүркітті қолға үйретіп, аңға салу құсбегілік дәстүрі бағзы заманнан бүгінге дейін жалғасып келеді. Мұны Моңғолия, БАӘ, Бельгия, Чехия, Франция, Корея Республикасы және т.б 11 ел бірлесіп адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне құсбегілік өнерді енгізгенінен білуге болады.  

Бұл күні азаматтардың күш қайраты, әдіс айласын сынға салған тағы да бір қызықты дода өтті. Ол - көкпар додасы. Бұл сайыста көкпаршылар екі командаға бөлініп, 20-30 келі шығатын бітеу сойылған серке етін тартысып, ең соңында жұлып алған азамат көкпарын өзі қалаған үйдің шаңырағына тастайды. Көкпар түскен үй ас, тамақ дайындап, қой сойып, той жасайды.

Ұйымдастырушылар алқасынан берген мәліметке қарағанда «Бүркіт тойын» тамашалайтын саяхатшылар саны жылдан жылға артуға. Мысалы, 2017 жылдың қазан айында Баян-Өлгейде ұйымдастырылған бәсекеге әлемнің 20 елінен 1200-дей саяхатшы тамашалаған. Бұл 2016 жылғымен салыстырғанда екі есе көп көрсеткіш. Бұл рет Ресей, ҚХР, Жапония, Ұлыбритания  саяхатшылары қыран мерекесін тамашалады.

Шараны тамашалаған шетелдік туристер де пікір білдірген еді.

Джорж Макни,Австралиялық турист:Мен Австралия елінен келдім. Моңғолияға келгеніме 6 ай болды. Моңғолия табиғаты көркем, ғажайып ел екен. Бүгінгі шара осы еде болған уақытымда көрген ең тамаша шара болды. Құсбегілердің бүркіттерін қолдарына қондырып, аттарын ойқастатқандары өте айбынды көрінді. Сондай-ақ, бүркіттерін ат үстінде қолға шақырғандары, шырғаға шақырғандары, шырғаға түсіргендері өте тамаша! Аспан қожасын қалай қолға үйрету жайлы зерттеу және моңғол елінің тарихы мен мәдениеті жайлы білімімді толықтыру қажет екен деп түйдім.     
Анн Моррис,Жаңа Зеландия азаматы:Моңғолияға алғаш рет келуім. Күн өте суық екен. Алайда бүгінгі шара сондай көңілді, ыстық ықыласпен өтіп жатыр. Бүркітпен аң аулау туралы алғаш «Бүркітші қыз» деректі фильмінен танысып, сол арқылы елестететінмін. Бүгін көзбен көргеніме қуанышым шексіз. Моңғол жұртшылығы, соның ішінде қазақ халқының мәдениеті жайлы аз да болса мағлұмат алдым.

Бүркітшілер тойы қарсаңында жілік сындыру, ат үстінен садақ ату қатарлы қызықты сайыстар да ұйымдастырылды.
null

Бүркіт фестивалін ұйымдастыру, оны халықаралық деңгейде насихаттау шараларының нәтижесінде, соңғы жылдары Баян-Өлгейге баратын туристер саны күрт өсті. Туризим саласы мал шаруашылығы арқылы өмір сүріп отырған, қазақ халқының тұрмысына өзіндік жақсы ықпалын тигізуде. Сондықтан бұл реткі «Бүркітшілер тойын» ұймдастырған  Моңғолия Үкіметі мен Ұланбатыр қаласының Әкімшілігіне тойға қатысқан қазақ халқының өкілдері алғыс білдірді. Олар фестивальдің жалғасатынына сенімді екендерін білдірді.  
Материал МОНЦАМЭ ақпараттық агенттігінен алынды.

Авторы: Ч.Ариунболд
Суреттер:  Б.Чадраабал

Моңғол тілінен тәржімалаған: Қуат Уатханұлы

 

Соңғы жаңалықтар