ҰҚК жүргізген арнайы операция видеосы желіде тарады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желіде Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік қызметінің 25 жылдық мерейтойына орай видео ролик жария етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Видеодағы оқиғалардың барлығы да еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылған сәттен бергі шынайы жайттар. Мәселен, роликтердің бірінде 1992 жылдың ақпанында автобустағы тұтқындарды босатуға арналған «Набат» арнайы операциясы жайында сыр шертеді. Арнайы операция бір тәулікке созылып,  арнайы жасақ қызметкерлері автобусты шабуылмен басып алған болатын. Айта кетерлігі, автобустың барлық жолаушылары дін-аман қалды.

Келесі бір арнайы операция «Сапфир» деп аталады. Ол 1994 жылы АҚШ-пен бірге жүргізілген. Қазақстан АҚШ-қа 600 келі жоғары байытылған уран тапсырды. Құрама Штаттардан 130 тонна құрал-жабдық пен көптеген мамандар келген болатын. Ядролық материал бейбіт отын ретінде қайта өңделді. Осылайша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл шешімімен Қазақстан ядролық қарусыз жолды таңдады.

Мұнан бөлек, видео роликте 1992 жылдың 13 қаңтарында құрылған А арнайы мақсаттағы қызмет, 1992 жылдың 18 тамызында құрылған еліміздің Шекара қызметі, 1974 жылы негізі қаланған ҰҚК академиясы мен кез келген қазақстандық келіп тамашалай алатын ҰҚК музейі жайында сыр шертіледі.

Әрбір видео материалда: "Ұлттық қауіпсіздік болмаған жерде мемлекеттің өзі де жоқ!" деген сөз келтіріледі.

Соңғы жаңалықтар