ҰҚК Сирияда содырлардың «серкесі» атанған қазақстандықтың өлімі туралы ақпаратты тексеруде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ресей арнайы қызметтерімен ынтымақтаса отырып,  Сирияда қазақстандық "дала командирінің" өлтірілгені туралы ақпаратты тексеруде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

«ҚазАқпарат» ХАА-ның ресми сауалына ҰҚК баспасөз қызметі: «Сириядағы лаңкестердің Қазақстаннан барған деп айтылып жүрген командирінің көзі жойылғандығы туралы ақпарат Ресей тарапымен ынтымақтаса отырып тексерілуде», - деп жауап берген.

Бұдан бұрын ресейлік БАҚ Ресей Қорғаныс министрлігінің ресми өкіліне сілтеме жасай отырып,  екі күн ішінде Сирияда, Евфрат өзенінің шығыс жағалауында ДАИШ лаңкестік ұйымының жеті дала командирінің көзін жойғаны туралы ақпарат таратқан болатын. Оның ішінде ДАИШ шабуылдаушы жасақтарының Евфрат аңғарындағы қимылдарын үйлестіруші, Қазақстаннан барды деген Әбу Ислам әл-Қазақи есімі де аталған. Екі күн ішінде Евфраттың шығыс жағалауында ИМ-нің 304 лаңкесі өлтіріліп, 170-тен астам лаңкес жараланған.

ҚР ҰҚК мәліметтеріне қарағанда, ДАИШ және басқа да халықаралық лаңкестік ұйымдардың қатарындағы қазақстандықтардың саны әйелдер мен балаларды есептемегенде 150-ден аспайды. Олардың саны лаңкестердің өлтірілуі және отбасымен бірге берілуінің есебінен қысқарып келеді.

ДАИШ қызметіне Қазақстан аумағында тыйым салынған.

Соңғы жаңалықтар