Үкіметтік емес ұйымдардың 153 әлеуметтік жобасы жүзеге асырылуда - Қызылорда

None
None
       ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіру мақсатында 129 адамнан жасақталған 9 ақпараттық-насихаттық топ құрылып, олар жыл басынан бері 1435 шараға қатысты, соның нәтижесінде 140 мыңнан аса облыс тұрғындары ақпарат алды.

Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдын Қайруллаев журналистермен өткен брифингте айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

  «Басқарма тарапынан аймақтағы қоғамдық, саяси, діни ахуал тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында ауқымды істер атқарылып келеді. Мысалы, жыл басынан бері «Ықтимал әлеуметтік шиеленіс ошақтары Картасына» 44 мәселе енгізіліп, I жартыжылдық қорытындысы бойынша оның 12-сі шешімін тапты.

    Оған қоса, үстіміздегі жылы облыста мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы үкіметтік емес ұйымдардың 153 әлеуметтік жобасы жүзеге асырылуда. Қоғамдық кеңес қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ақпараттық-консультациялық орталық ашылды. Бұл Орталықта тұрғындарды толғандырған мәселелер тыңдалып, талданып, тиісті шаралар жасалуда.

   Сондай-ақ, 2017 жылға арналған қоғамдық-саяси маңызды шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес басқарманың ұйымдастыруымен Алашорда қозғалысының 100 жылдығына арналған «Алаш мұрасы және Тәуелсіз Қазақстан» халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті, қаланың көрікті жерінен қоғам және мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқайға ескерткіш ашылды, «Тарихтан тағылым - өткенге тағзым» атты халықаралық форумы және Семей полигонының жабылуына 26 жыл толуына орай облыстық конференциясы өтті.

Қазіргі таңда, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген мақсат-міндеттер жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Басқарма жанынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыратын жобалық кеңсе ашылып, бірқатар жобалар мен ақпараттық жұмыстар іске асырылып жатыр. Әрі бұл бағыттағы жұмыстар ары қарай жалғасатын болады» - деп түйіндеді басқарма басшысы А.Қайруллаев.

Соңғы жаңалықтар