Үкіметке Президенттің қандай өкілеттіктері беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкіметке берілетін Президенттің өкілеттіктері қамтылған заң жобасы бірінші оқылымда талқылануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасы арнайы үндеуінде мемлекеттік биліктің тармақтары арасында Президенттің заң деңгейінде бекітілген кейбір өкілеттіктерін қайта бөлу туралы тапсырма берген. Елбасының өкімімен құрылған арнайы жұмыс тобы қайта бөлуге жататын өкілеттіктерді анықтады. Олар - әлеуметтік-экономикалық салаларды реттейтін Президенттік өкілеттіктер. Әділет министрлігі өз кезегінде тиісті заң жобасын әзірледі. Бұл заң жобасымен 4 кодекске және 22 заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу көзделеді», - деді «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайт бөлу мәселелері бойынша  өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жобасын таныстырған еліміздің Әділет министрі Марат Бекетаев.

Министрдің айтуынша, ұсынылып отырған түзетулер 3 бағытты қамтиды. Бірінші бағыт бойынша Үкіметке Президенттің экономикалық үдерістерді реттеу саласындағы келесі өкілеттіктерін беру ұсынылады: индустриялық-инновациялық қызметті қолдау саласындағы экономиканың басым секторларын айқындау; арнайы экономикалық аймақтарды құру; Ұлттық банк пен тиісті уәкілетті органдардың бірлескен ұсынысы негізінде арнайы валюталық режимді енгізу; мемлекеттік-жекешелік әріптестік мақсаттарына берілмейтін объектілер тізбесін айқындау.

«Заң жобасына сәйкес теңізде, ішкі су айдындарында, төтенше экологиялық жағдай аймақтарында және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда мұнай операцияларын жүргізу мүмкіндіктері туралы шешімді енді Үкімет өзі қабылдайтын болады. Сонымен қатар, Президенттің және Президент Әкімшілігінің келісімімен жүзеге асырылатын келесі өкілеттіктерді беру ұсынылып отыр: мемлекеттік жоспарлау жүйесін анықтау; жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеруді белгілі бір мерзімге тоқтата тұру туралы шешім қабылдау; мемлекеттік орган туралы Үлгілік ережені бекіту; меншіктен шығаруға жатпайтын мемлекеттің және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің меншігіндегі объектілердің тізімін бекіту», - деді министр.

Екінші бағыт Президенттің әлеуметтік маңызы бар кейбір өкілеттіктерін беруді көздейді. Мысалы, «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңында мерекелік күндер тізбесін бекіту өкілеттігін Үкіметке жүктеу қарастырылады. Бұдан басқа, мемлекеттік қызметшілерге бонустар төлеу, материалдық көмек көрсету, үстемеақылар белгілеу тәртібін айқындау өкілеттіктерін Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша Үкіметке беру ұсынылады. Сонымен бірге, Заң жобасы қайырымдылықты ынталандыру мақсатында қолданылатын қайырымдылық субъектілеріне құрметті атақтарды белгілеу және беру тәртібін Үкіметтің бекітуін көздейді.

«Үшінші бағыт Президенттің кейбір ұйымдастырушылық сипаттағы өкілеттіктерін беруді көздейді. Осылайша, Үкіметке облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың шекараларын анықтау, айрықша стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстарының тізімін анықтау және тағы басқа өкілеттіктерді беру жоспарлануда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы уәкілетті орган жүзеге асыратын сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау тәртібін Президенттің Әкімшілігімен келісу бойынша айқындау өкілеттігі Үкіметке беріліп отыр. Сондай-ақ, Үкіметке Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік органдарға, шетелдегі мекемелерге және өзге де ұйымдарға іссапарға жіберу тәртібін бекіту туралы өкілеттікті беру ұсынылады. Бұдан басқа, заң жобасы Президенттің шетелдік қызметкерлерді жұмысқа алу кезінде міндетті арнайы тексеруден өткізу тәртібін анықтау өкілеттігін мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп Ұлттық қауіпсіздік комитетіне беруді көздейді», - деді Бекетаев.

Соңғы жаңалықтар