Үкімет: Жаңа жыл мерекесінде халықты жылусыз қалдырмайық

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа жылға санаулы күндер қалғанда тосыннан ел Үкіметінің екі мүшесі ауысты. Алдымен Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың қызметінен кететіндігі белгілі болса, іле шала еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың да жаңа қызметке ауысуына байланысты министр лауазымынан кететіндігі жария етілді. Жаңа Ұлттық экономика министрін Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың өзі ұжымымен таныстырып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Ал Сыртқы істер министрі қызметіне Қайрат Құдайбергенұлы Әбдірахманов тағайындалып отыр.

Осы аптада ел Үкіметі Мешін жылындағы соңғы отырысын өткізіп, онда Министрлер кабинетінің 2017 жылға арналған заң жобалау жұмыстары жоспарының жобасын қарады. Сонымен қатар жылу беру маусымына қатысты жайттар да пысықталды.

Бұл мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, жөндеу жұмыстары кесте бойынша жүргізілуде. 8 энергия блогының, 51 қазандық пен 35 турбинаның жөндеу жұмыстары аяқталды. 3 энергия блогында, 3 қазандық пен 7 турбинада жөндеу жұмыстарының түрлі кезеңі жүріп жатыр.

«Электр стансаларының отын қоймаларында 3 млн тоннадан астам көмір мен 124 мың тонна мазут жинақталған, бұл жалпы бекітілген нормаларға сәйкес келеді. Алайда, Петропавлдағы «СолтүстікҚазЭнерго» компаниясының ЭЖО-2, «Астана-Энергия» кәсіпорынының ЭЖО-2, Қарағандыдағы «Bassel Group LLS» компаниясының МАЭС-1 қазандықтарында бұл норма сақталмай отыр. Оған себеп экспедиторлық компаниялардың көмір тасу үшін жартылай вагондарды уақытылы бермеуі», - деді ол.

Әкімдіктердің өтінімдеріне сәйкес, Энергетика министрлігі 2016-2017 жылғы күзгі-қысқы кезеңде 342,6 мың тонна көлемінде әлеуметтік-өндірістік нысандарға мазутты жеткізу бойынша аймақтарды бекіту кестесін жасаған.

Алайда, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев жылу маусымы басталғалы бері «Арселлор Миталлға» қарасты ЖЭС-2-де 17 апаттық жағдайдың болғанын, бүгінде екі қазандықтың тоқтап тұрғанына қарамастан тағы бір қазандықтың істен шықандығын айтты.

«Теміртаулықтардың үйлерінде ауа температурасы 16 градустан жоғары көтерілмейді. Ал ауа-райы күрт суытып кеткенде 12 градусқа дейін түсіп кетеді», - деді Сағынтаев.

Осы орайда Қарағанды облысының әкімі Нұрмұxамбет Әбдібеков ондай жағдайдың бар екенін мойындады. Алайда бүгіннен қалдырмай, бір қазандықты, ал ертең тағы бір қазандықты іске қосуға уәде берді. Аймақ басшысының айтуынша, екі күннен кейін теміртаулықтардың үйлерінде тұрақты температура орнайтын болады.

«Жалпы, жылу маусымы басталғалы бері Теміртауда жылу берілмей қалған кез бірде-бір рет болған жоқ. Иә, әзірше температуралық режим төмен. Оның барлығы қазандықтардың істен шығуына байланысты», - деді Әбдібеков.

Дегенмен, Үкімет басшысы ондай жауапқа қанағаттанған жоқ. «Нұрмұxамбет Қанапияұлы, 12 градустық жылуды беріп жатырмыз деп, мақтанудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Ондай жағдайда жылу берілмей қалған бірде-бір күн болмады деудің өзі дұрыс емес. Неге бірінші қазандықты жөндеу жұмыстары енді ғана аяқталып жатыр? Министрліктер дұрыс бақыламады ма? Апта сайын селекторлық отырыс өткіземіз, ылғи айтамыз. Бізде энергетикалық қадағалау және тағы басқа органдар бар. Басында атүсті қараймыз да, жылдың соңында кінәлі адамды іздейміз. Ақыр соңында xалық қиналады. Осының бәрін бірден реттеп алуға болмады ма?», - деді Сағынтаев.

Осы орайда Премьер-Министр екі күннен кейін Теміртаудағы жылуды қалпына келтіру - жұмыстың тағы бір мәрте тексерілетінін ескертті.

«Құрметті әкімдер!. Өңірлеріңіздегі жылу жүйесіне сіздер тікелей жеке жауапты екендеріңізді естеріңізге саламын. Бұны үнемі айтып жүрміз. Баяндамаларыңызды да тыңдап жүрміз. Дегенмен, жылу желісінде әртүрлі апаттар болып тұрады. Бірақ, бәрін бақылауда ұстау керек. Ең бастысы, Жаңа жыл мерекесінде халықты жылусыз қалдырмайық. Халық Жаңа жылды жылы үйінде қарсы алғысы келеді. Сондықтан, жылу беру маусымының ойдағыдай өтуі үшін дұрыс жағдай жасайық. Әсіресе, мереке күндері», - деді осы мәселеге орай Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев.

Үкімет басшысы Жаңа жылға қарсы қоғамдық тәртіпті, жолдардағы қауіпсіздік пен өзге де жағдайларды қатаң бақылау үшін бүкіл мемлекеттік органдарға жедел әрекет ететін кезекшілер отыруы қажеттігін де қатаң тапсырды.

«Ішкі істер министрлігі бүгіннен бастап күшейтілген режімде жұмыс істеуге кіріссін. Сондай-ақ, Жаңа жылдық мерекелер өтетін орындарды бақылауға алу керек. Әсіресе, өрт қауіпсіздігі назарда болсын. Облыс әкімдері, Астана және Алматы қалаларының басшыларына Ішкі істер министрлігімен бірге, ауа райын ескере отырып, жолдардағы автокөліктердің қауіпсіздігі үшін алдын ала шара қолдануды тапсырамын. Бүкіл мемлекеттік органдарда жедел әрекет ететін кезекші отыруы керек. Бұл істі Асқар Мамин өзі бақыласын», - деді Сағынтаев.

Қазақстанға визасыз келе алатын елдер қатары толықты

Айтпақшы, осы аптада Сыртқы істер министрі қызметін осымен тәмамдаған Ерлан Ыдырысов Орталық коммуникациялар қызметінде арнайы баспасөз мәслихатын өтізіп, өзі басшылық жасайтын ведомствоның осы жылда атқарған жұмыстарына егжей-тегжейлі тоқталып, 2017 жылғы қолға алынатын басым бағыттар жайын да сөз еткен болатын.

«Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі мен Алматыда өтетін қысқы «Универсиада-2017» ойындары қарсаңында шетелдік қонақтар мен инвесторлардың келуін барынша ыңғайлы ету мақсатында ҚР Сыртқы істер министрлігі визасыз режімді жеңілдету және миграциялық бақылау мен қауіпсіздік тиімділігін арттыру бойынша жұмысын жалғастырады. Бір реттік іскерлік, жеке, сонымен қатар 48 экономикалық дамыған елдердің азаматтары үшін бір реттік және екі реттік туристік виза беру үдерісі жеңілдетілген», - деп атап өтті ол.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда елімізге 19 мемлекеттің азаматтары виза ашпай-ақ келе алады.

«2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 45 ел азаматтары, олардың ішінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Еуропалық одақ мүшелері, сонымен бірге Біріккен Араб Әмірлігі, Малайзия, Сингапур елдері және Монако Княздігі Қазақстанға кіргеннен бастап, 30 күнге дейін елімізде визасыз жүре алады», - деді Е. Ыдырысов.

Оның айтуынша, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін шетелдік азаматтарға арналған Қазақстан Республикасының визасын беру және шақыруларды рәсімдеудің жаңа ережелері өткен аптада дипломатиялық корпус пен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне ұсынылды.

«Виза режімін ырықтандыру мақсатында қабылданған шаралар біздің еліміздің ұлттық мүддесін ескере отырып жүргізілетіндігін атап өткім келеді. Жоғарыда аталған мемлекеттерден бөлек тағы 19 елдің азаматтары қол қойылған екіжақты келісімдердің негізінде виза талаптарынан босатылады. Мұндай келісімдерге басқа да мемлекеттермен қол қою үшін келіссөздерді жалғастыра беретін боламыз», - деді сыртқы саясат ведомствосының басшысы.

Соңғы жаңалықтар