Үкімет тегін берген дәріні сатып жүрген кім?

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда тегін дәрі-дәрмектердің біраз бөлігі жекеменшік дәріханалар арқылы сатылымға түсіп жатыр екен. Былайша айтқанда, бюджеттің есебінен қыруар қаржыға сатып алынған препараттар зейнеткерлер мен мүгедектерге берілудің орнына біреулердің қалтасын қампайтып отыр. Бұл ғана емес, «Қазақстанның тегін дәрілері көрші елдерде де сатылып жатыр» деген ақпараттар бар. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов осындай олқы мәселені анықтап, сауда-саттықты тоқтатуға мүдделі. Ол қатысы бар болса жергілікті басқарма басшыларын қызметтен босатуға дейін барамын дегенді айтып қалды.

Жалпы, бүгінде халықты тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласындағы заң бұзушылықтарға, дәрінің шарықтаған бағасына қатысты мәселе аз емес. Бұған елдің наразылығы да қатты. Оны Үкімет мүшелері де жақсы біледі екен. «Халықтың дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты наразылығы әлі де басылмай тұр. Маған осы мәселе бойынша депутаттардан да, қоғамдық ұйымдардан да сауалдар жиі түседі. Соған қарағанда, науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтаамсыз ету әлі дұрыс жұмыс істеп тұрған жоқ. Препараттар берілмесе де, қағаз жүзінде «берілді» деп жаза салады. Тегін дәрілерді ақшаға сату фактілері де бар. Сосын дәрігерлер пациенттерді дәрі-дәрмектерді сатып алуға міндеттейді екен. Ондай мекемелердің басшыларына қатысты қатаң шаралар қолдану қажет», - дейді Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев.

Ал жергілікті биліктің бір ғана уәжі бар. Ол - қаражат тапшылығы. Жоғары жақтан сұрау салса, «барлық науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қаржы жетіспейді» деп ат тонын ала қашады. Алайда өздері біраз препараттарға тапсырыс беріп қояды. Мәселен, кейбір аймақтарда артық жазылған дәрі-дәрмектердің көлемі алдыңғы жылдармен салыстырғанда 50-60 процентке көп болып тұр. Сонда қалай? Жергілікті атқарушы органдар барлығын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге ақша жоқ дейді де, өздері артық препараттарға тапсырыс беріп отырады. Не үшін? Ол жағы белгілі сияқты. Бұл бюджеттің қаражатына сатып алынған дәрі-дәрмектердің үстінен пайда табуға болады деген сөз емес пе?

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, мемлекет бір жағынан дәрі-дәрмектердің тапшылығын шешуге тырысса, жергілікті жерлерде ол дәрілер ашық ұрлауға, талан-таражға көбірек ұшырайды. Мәселен, ресми мәліметтерге сәйкес, пациенттердің 20 проценті тегін дәрі-дәрмекті алмаған болып шықты. Алайда жергілікті атқарушы органдар бәріне қолма-қол бердік дегенді алға тартады. Бұдан бөлек, науқастардың тағы 18 проценті дәрілерді толық ала алмаған. «Сонда жаңағы 20 проценттің өзі барлық республикаға кететін дәрілердің екі айлық көлемі болып тұр ғой. Демек, әрбір бесінші препарат науқасқа жетпей, белгісіз жаққа кетеді. Бәлкім, біреулер тегін препараттарды ашық ұрлайды да, біз білмейтін жаққа жіберіп отырады. Ал кейбір мәліметтер бойынша ондай дәрілер жекеменшік дәріxаналарға түседі. Тіпті, шекара асып, көрші елдердің нарықтарына кетіп жатыр деген деректер де бар», - дейді министр Біртанов.

Бағана келтірілген республикаға кететін дәрілердің екі айлық көлемі дегеніңіз - бұл аз ақша емес. Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекованың сөзіне қарағанда, өткен жылы бұл салаға барлығы 101 млрд теңге бөлінген болатын. Аталған соманы он екі айға бөлсек, 8,4 млрд шығады. Ол - бір айдың көлемі. Демек, екі айда тегін дәрі-дәрмектерге 16 млрд-тан астам бюджет қаржысы жұмсалады. Біреулер ол препараттарды ұрлайды да, үстінен тағы пайда көреді. Сонда тегін дәрі-дәрмектер қалай ұрланады? Комитет басшысының болжамы бойынша кей кезде науқастар өздеріне тиесілі препаратты алмай кетеді. Сол кезде пысықай «кәсіпкерлер» оны өз ақшасына сатып жібереді.

«Енді, қазіргі кезде рецептер электронды түрде беріледі. Ауруxанадан ондай рецептер бірден дәріxанаға түседі. Алайда кей кезде науқастар дәріxанаға бармай қояды, я болмаса, препараттың маркасын ұнатпай, алмай кетеді. Бірақ дәріxанаға рецепт түсіп тұр ғой. Олар препаратты берілді деп есеп жасайды да, мына жақтан өздері сатып жібереді», - деді Л.Бюрабекова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында. Дегенмен, бұл тек болжам ғана. Ол сауданың арғы жағында кім тұр? Оны алдағы ревизия кезінде анықтау жоспарланған. Министр Біртанов осы саладағы тексерісті бір айдың ішінде өткізіп, тегін дәрі-дәрмектерді жазып беруден бастап дәріханада беруге дейін барлық сатыларды қадағалап шығамын дейді. Сол кезде халықтың дәрілерін ұрлаудың схемалары да анықталуы әбден мүмкін.

Айтпақшы, министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде Елжан Амантайұлы жергілікті жердегі басқарма басшыларының жеке жауапкершілігін де еске салды. Оның сөзіне қарағанда, өз жұмысына салғырт қарағандар қызметімен қош айтысуы бек мүмкін. «Бүгінде жергілікті жерде денсаулық сақтау басқармаларының басшылары тағайындалғанда министрлік өз келісімін береді. Бірақ біз ол келісімді кері қайтара аламыз. Мен стратегиялық департаментке арнайы тапсырма беремін. Осы жылдың нәтижелерін зерттеп, қай облыста тиісті жұмыс дұрыс жасалмаса, әкімдерге ұсыныс жібереміз, я болмаса, келісімді кері қайтарамыз», - деп атап көрсетті министр Біртанов.

Ендеше алдағы уақытта тегін дәрілердің қалай ұрланатынын да, кімнің қалай жазаланғанын да біліп қалуымыз мүмкін. 

Соңғы жаңалықтар