Үкімет сағаты: Мемлекеттік қызмет саласында тың өзгерістер болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет көрсету саласы күнделікті өмірде халықтың күйбең тірлігімен тығыз қарым-қатынаста болуды қажет етеді. Сондықтан бұл салада бүгінде атқарылған оңтайлы істер көп болса да, алайда әлі де шешімін қажет ететін шаралар да аз емес. Осы орайда бүгін Парламент Мәжілісінде мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру барысы кеңінен талқыланды.

Мамандандырылған ХҚКО-лар көңіл көншітеді

Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божконың сөзіне қарағанда, «жалғыз терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсету еліміз азаматтарының өмірін айтарлықтай жеңілдеткен әрі ең тиімді шешімдердің бірі бола алды. 2011-2017 жылдар аралығында Экономика министрлігі құрған тізілімде мемқызметтердің саны 5,5 есеге артып, бүгінде 746-ға жетті.

Бұдан бөлек ол ел аумағында автокөлікті тіркеу мен жүргізуші куәлігін беруге арналған 14 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарын құру тұрғындар үшін қолайлы болғанын атап өтті.

«Осы орталықтар арқылы тек 2017 жылдың қаңтар-қазанында 314 мыңнан астам жүргізушілік куәліктері беріліп, 1 миллион 218 мыңнан астам автокөлік тіркеуге тұрғызылды немес тіркеуден шығарылды»,- деді ол.

Осы орайда Мәжіліс төрағасының орынбасары аталған мамандандырылған орталықтардың мүмкіндігімен бүгінде адамдардың уақытын үнемдеуге, саладағы сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қоюға жағдай жасалғанын жеткізді.

«Үш жылда Ішкі істер министрлігі мамандандырылған ХҚКО-лар арқылы 15 760 ерекше көлік нөмірлерін сатып, бюджет пайдасына 5 миллиард 548 миллион теңге түсірді. Атап айтқанда, алдағы жылы осындай халыққа қызмет көрсету орталықтары Батыс Қазақстан, Ақмола облыстарында ашылады, сонымен қатар Шығыс Қазақстан мен Атырау облыстарында құрылысы басталады»,-деді В. Божко. 

Түн ортасына дейін істейтін орталықтар бар

Бүгінгі күні Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мемлекеттік қызмет көрсету процестерін одан әрі дамыту бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруда. Бұл ретте Парламент Мәжілісіндегі бүгінгі Үкімет сағатында аталған министрліктің басшысы Дәурен Абаев саладағы негізгі нәтижелерді баяндап берді. Ең алдымен бұл жұмыстар электрондық үкіметтің және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметін үйлестіру және дамыту мәселесіне қатысты болып отыр.

«Атап айту керек, қазір 746 мемлекеттік қызметтің 621-ін немесе 83 пайыздан астамын азаматтар мемлекеттік корпорация арқылы арқылы алады. Қазіргі күні еліміз бойынша оның 349 фронт-кеңсесі бар. Оларда жұмыс істейтін 22 мыңға жуық қызметкер жыл сайын 34 миллионнан астам қызмет көрсетуде. Электрондық үкімет арқылы 452 мемлекеттік қызметке еркін қол жетеді, 190 миллионнан астам электрондық қызмет көрсетілді», - деп атап өтті ведомство басшысы.

Мемлекеттік корпорация жұмысының маңызды бағыты - шалғай ауылдардың тұрғындары үшін қызметтердің қолжетімділігін арттыру. Осы мақсатта Қазақстан бойынша 70 мобильді қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Олар ауылдарға жылына шамамен 13 мың рет барып қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек, қызметтерді «Қазпошта»  кеңселерінде ұсыну жөніндегі бірлескен жоба жүзеге асуда. Бұл ретте елді мекендердің басым бөлігін қамтитын ұлттық пошта операторының әлеуеті тиімді қолданылуда.

Тағы бір мәселе, мемлекеттік корпорацияның тиімділік көрсеткіштері қазірдің өзінде жоғары болса да, тұтынушыларға оңтайлы жағдай жасайтын жаңа әдістер одан әрі қарастырылуда. Мәселен, осы жылдың басында  құжат дайын болғаны жөніндегі sms-хабарлама, telegram-бот, дайын құжаттарды үйге жеткізіп беру, egov порталында анықтамаларды электронды цифрлық қолтаңбасыз алу сияқты сервистер іске қосылды.

«Сонымен қатар қазіргі күні мемлекеттік корпорацияның кеңселері сағат таңғы 9-дан кешкі 8-ге дейінгі уақытты қамтыған бірыңғай графикпен жұмыс істейді. Алайда, азаматтарға ыңғайлы болуы үшін Астана мен Алматыда және Шымкент қаласында түн ортасына дейін жұмыс істейтін орталықтар іске қосылды.  Жүргізуші куәлігін алушыларға да қанатқақты жоба аясында үлкен жеңілдіктер жасалуда. Мысалы, Астана және Алматы қалаларының тұрғындары жүргізуші куәлігіне құжатты қатардағы халыққа қызмет орталығына тапсырып, дайын куәлікті сол жерден ала алады. Бұрын бұл тек мамандандырылған орталықтарда ғана атқарылатын», - деді министр.

Ағымдағы жылғы 1 шілдеден бастап электрондық үкімет порталында бір жолғы SMS-пароль негізінде электрондық-цифрлық қолтаңбасыз 30 электрондық қызметті алу мүмкіндігі енгізілгенін атап өткен жөн.

Мемқызметтерді оңтайландыру қарқыны

Біріншіден, мемлекеттік қызметтерді Мемлекеттік корпорацияға беру және оларды электронды форматқа көшіру жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Осы орайда, Ведомствоаралық комиссияның рөлі артып келеді. Апта сайын аталған алаңда барлық мемлекеттік органдармен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Биыл мемлекеттік корпорация 104 қызмет бойынша ұсыныс дайындады. Олар тиісті мемлекеттік органдар тарапынан қолдау тапты. Қазіргі уақытта тиісті 36 Жол картасы келісімнен өтуде. Бұл ретте қызметтерді электронды түрде көрсетуге баса көңіл бөлініп отыр. Жалпы, осы 104 мемлекетік қызмет жөніндегі ұсыныстарды мүдделі мемлекеттік органдар жүзеге асырған жағдайда, бір жылда 30 миллион құжаттың көшірмелерін талап ету қысқартылады. 12 қызмет бойынша азаматтың жеке өзі келуі қажет етілмейді, қызмет көрсетілетін мерзімдер орташа алғанда 11 күнге қысқартылады.

Дәурен Абаевтың сөзіне қарағанда, өмірге келген сәбидің құжаттарын рәсімдеу шаралары айтарлықтай жеңілдейтін болады. Мемлекеттік қызметтерді көрсетудің проактивті принципін толықтай электрондық нұсқада жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұндай жағдайда адамдардың арнайы келуі де қажет болмайды.

«Мысалы, бала туғанда, ата-анасына туу туралы куәлік алу үшін баланың аты-жөнін, жәрдемақылар тағайындау үшін шот нөмірін және балабақшаға кезекке қою үшін мекенжайын көрсету ұсынысымен  автоматты түрде SMS-хабарламалар келеді. Өтініш беруші мемкорпорацияға мемлекеттік қызмет нәтижесін алып кетуі үшін ғана келеді немесе үйге жеткізу қызметіне тапсырыс бере алады», - деді Дәрен Абаев.

Бұдан бөлек, ведомство басшысы жақында Астанада мемлекеттік қызметтерді алу үрдісі толықтай автоматтандырылған Digital-ХҚКО іске қосылатынын және онда операторлар болмайтынын айтты. Цифрлық ХҚКО ашылуы мемлекеттік қызметтерді ұсынудың жаңа нұсқасына өту кезеңі болмақ. Ол жерде азаматтар өз бетінше қоғамдық қолжетімділік орындары, «Connection point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары және мемкорпорацияның арнайы стенд-павильондарындағы планшеттер арқылы электрондық өтініштер береді.

Мұнымен қоса, бірқатар мемлекеттік органдармен бірлесе «Анықтамасыз қызмет көрсету» жобасын (Paper free) іске асыру жоспарланып отыр. Аталған жоба азаматтар арасында сұранысқа ие электронды анықтамаларды талап етуді шектеуге бағытталған.

«Цифрлық Қазақстан» жобалары бойынша мүдделі мемлекеттік органдар ақпараттық жүйелерінің интеграциясы бойынша шаралар жүзеге асырылады. Бұл шаралар азаматта тұрақты түрде тапсырыс беретін құжаттар тізімін оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Мысалы, ең көп мемлекеттік қызметтер 5 анықтамаға (электронды анықтамалардың 95 пайызы) тиесілі болып отыр. Атап айтқанда, мекенжай анықтамасы - 15 млн, жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы - 2,6 млн, тіркелген құқықтар туралы - 2,5 млн, зейнетақылық есептеулер жайында - 2 млн, сондай-ақ сотталмағандығы туралы 1,4 млн анықтама қамтылған.

«Ең көп сұралатыны - мекенжай анықтамасы. Қазіргі кезде меморгандардың ақпараттық жүйелерін біріктіретін боламыз. Осы орайда азаматтарға енді бұл анықтаманы жан-жаққа тапсырудың қажеті болмайды. Бұл ретте ХҚКО-лардың да жүктемесін азайтамыз»,-деп түсіндірді министр.

Әрбір оқиға жауапкершілікпен қаралады

Үкімет сағатында депутаттар тарапынан саладағы проблемаларға қатысты тиісті сауалдар қойылды. Осы орайда депутат Снежана Имашева Алматы тұрғыны қаладағы ХҚКО-лардың бірінде өзінің жеке мәліметтері бөгде адамға берілгендігі туралы хабарлағанын еске салды. Осы орайда депутат болашақта осындай жағдайға жол бермес үшін ведомство қандай шараларды қабылдап жатқандығын сұрады.

Өз кезегінде министр Дәурен Абаев, аталған оқиғаға байланысты туындаған қоғамдық резонанстан кейін министрлікке 60 шағым келіп түскенін сөз етті. Онда адамдар ХҚКО қызметкерлері жеке мәліметтерді рұқсатсыз алғандығы туралы арызданған екен.

«Азаматтар осылай ойлаған. Яғни олар орталыққа келіп: «Маған анықтама беріңіздер» деп сұрайды. Өз кезегінде ХҚКО қызметкері оның жеке куәлігімен салыстыра отырып, электрондық қолтаңбасы арқылы жеке мәліметтерге кіріп, анықтаманы алып, тапсырады. Осы орайда шағымдар бойынша біз тексерген барлық жағдайлар расталмады. Атап айтқанда, адамдар осыған дейін орталыққа барып, анықтама алғандары жайында ұмытып кеткені белгілі болды. Бұл адамдар өздері жеке кабинеттеріне кіріп, үш ай бұрын біреулер анықтама алғанын көргенін және бұл құжаттарға тапсырыс бермегендерін айтып отыр. Алайда бейне камералар арқылы кейіннен бұл жағдайлардың шын мәнінде қалай болғанын анықтадық. Егер де біз азаматтарға көмек көрсетпесек, онда ХҚКО-ларда тағы да ұзын-сонар кезек пайда болады. Сондықтан азаматтардың дағдыларын арттыру мен барлық ақпараттық жүйелердің интеграциясы бойынша негізгі екі бағытқа назар аударылады»,- деп түйіндеді сөзін министр.  

Талқылаулардан кейін депутаттар саладағы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Ал Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко министрге осы бағыттағы жаңалықтарға байланысты жиірек мәлімет беруді ұсынды.

«Біз оңтайлы қадамдар жайында аз айтамыз. Осы орайда мемлекеттік қызметтердің өсімі, сапаның артуы, азаматтар үшін қолайлы жағдай жасалғаны жайында атқарылып жатқан игі істерді көп айта бермейміз. Министр (Дәурен Абаев) мырза, ведомствода газеттерге немесе электрондық үкіметке тікелей шығуға барлық мүмкіндіктер бар. Сондықтан жақсы жұмыстарыңыз жайында барша ел аумағында кеңінен айтудан тартынбаңыздар»,-деді В. Божко Үкімет сағатының жұмысын қорытындылау кезінде. 

Соңғы жаңалықтар