Үкімет Қазақстанда туризмді дамыту тұжырымдамасын мақұлдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет мүшелері Қазақстанның туристік саласын дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған құжатты таныстыру барасында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы тұжырымдама халықаралық тәжірибені ескере отырып жасалғанын атап өтті. Осы орайда жүргізілген талдау аясында туристік қызметті мемлекеттік қолдаудың бірқатар  ең тиімді шаралары айқындалды.

«Бұл үлгілердің барлығын елде туристік саланы дамытумен қатар, мемлекеттік инвестицияларды қайтару тұрғысында табысты деп атауға болады. Қазақстанның мәдени саясаты тұжырымдамасының басымдықтарын ескере отырып, сондай-ақ Ұлт жоспарының 86 қадамын жүзеге асыру аясында туристік кластерлер қайта қаралды, олардың атаулары өзгертіліп, алтыншы кластер қосылды»,-деді министр.

Атап айтқанда, Астана кластері екі мәдени-туристік кластерге бөлінді: «Астана - Еуразия жүрегі» елорданы қамтитын болады.

«Табиғат пен көшпелі мәдениеттің тұтастығы» кластеріне туристік қызығушылық танытатын негізгі орындар енді.

«Алматы - Қазақстанның еркін мәдени аймағы» кластерінде «Ақбұлақ» халықаралық туристік орталығы, «Жоңғар-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, «Көлсай көлдері» Мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, «Қара Дала» курорттық аймағы ескерілді.

«Ұлы Жібек жолының жандануы» кластеріне Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы, «Қасқасу» таулы курорты қосылды.

«Каспий қақпасы» кластерінде (Маңғыстау облысы мен Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының бір бөлігі) әзірленетін негізгі туристік өнімдерінде жағалау туризмі, мәдени туризм және турне қамтылды.

«Алтай інжу-маржаны» кластрі (ШҚО-ның солтүстік және шығыс бөліктері) «Табиғаттың ғажайып әлемі» тақырыбында ұсынылады және экологиялық туризмнің орталығы болып табылады.

Аталған Тұжырымдаманы екі кезеңде, яғни 2017-2019 және 2020-2023 жылдары жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Өз кезегінде Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев аталған құжат жеткілікті деңгейде пысықталғанын атап өтті.

 «БҰҰ Бүкіләлемдік туристік ұйымның (ЮНВТО)  бас хатшысының Үкімет отырысына қатысуы еліміздің осы саланы дамытуға қаншалықты көңіл бөліп отырғанын байқатып отыр. Бұл бағытта бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Сондықтан туризм саласындағы міндеттерді жалғыз Мәдениет және спорт министрлігіне жүктей салған дұрыс болмайды»,-деп түйіндеді сөзін  Премьер-Министр.

Соңғы жаңалықтар