Үкімет елдегі әлеуметтік саланың үш сағасын түгендеп алды - Апталық шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада елдің саяси өмірінде елеулі оқиғалар орын алды. Үкімет отырысында министрлер кабинеті әлеуметтік саладағы - денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй, баспана, балабақшамен қамту және инфрақұрылымдық мәселелерді талқылады. Халық игілігіне жарар біраз жаңалықтардың беті ашылды. Бірақ алдымен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның индустриалдық өңірі - Павлодар облысына жасаған мазмұнды сапарынан бастасақ...

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы аптада жұмыс сапарымен Павлодар облысына ат басын тіреген болатын.

Жұмыс сапары аясында Елбасының әлеуметтік, ауыл шаруашылығы және көлік саласының бірқатар нысанын аралап, өңірдің жұртшылық өкілдерімен кездесуі өтті. Енді жеке-жеке таратып айтсақ.

Ең алдымен Қазақстан Президенті Павлодар облысына жұмыс сапары аясында жұртшылық өкілдерімен кездесті. Оған еңбек сіңірген ардагерлер, өндірістік кәсіпорындардың жұмысшылары, аграрлық сала өкілдері, жастар көшбасшылары, спортшылар, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктер жетекшілері қатысты.

Жиын барысында Елбасы тәуелсіздік жылдарында дамудың орнықты экономикалық моделі жасалғанын атап өтті.

«Нарықтық экономика үшін дамудың жаңа «локомотивіне» айналған мықты кәсіпкерлер табы пайда болды. Бүгінде елімізде 1 миллион 260 мыңнан астам шағын және орта бизнес кәсіпорындары бар», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы елдің әлеуметтік саладағы жетістіктерінің де маңыздылығын сөз етті.

«БҰҰ-ның даму бағдарламасының рейтингіне сәйкес, Қазақстан әлемде 55-орын иеленіп, адами даму деңгейі жоғары мемлекеттер тобына енді», - деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Елбасы Қазақстан экономикасының «индустриялық-өнеркәсіптік тірегіне» айналған өңірдің елеулі даму нәтижелеріне назар аударды.

«Өңірдің одан әрі дамуының іргелі индустриялық базасын құраған ауқымды жобалар жемісті жүзеге асырылды. Атап айтқанда, қуаттылығы жылына 250 мың тонна болатын, бастапқы алюминий өндірілетін электролиз зауыты салынды, ол Қазақстанды түсті металлургиядан жетекші елдер қатарына қосты. Бұл маңызды жобаның дамуы барысында «Қазэнергокабель» акционерлік қоғамында алюминий сымдарының өндірісі іске қосылды. Тағы бір маңызды нысан - қуаттылығы жылына 30 мың тонна болатын хлор мен күйдіргіш сода шығару жөніндегі «Каустик» акционерлік қоғамының зауыты», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Іс-шара барысында телекөпір өтті. Оның аясында Бозшакөл тау-кен байыту комбинатын кеңейту мақсатымен кенді қайта өңдейтін және мыс концентратын шығаратын жаңа фабрика ресми түрде іске қосылды.

Қазақстан Президенті жиналғандарды осы тарихи жаңалықпен құттықтап, жаңа өндірістің іске қосылуы Павлодар облысының индустриялық-инновациялық әлеуеті жоғары екенін көрсететінін атап өтті.

«Жаңа кәсіпорын Бозшакөл тау-кен байыту комбинатының кенді қайта өңдеу қуатын 30 млн тоннаға, мыс концентратын өндіру көлемін 100 мың тоннаға дейін арттыруға  мүмкіндік береді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы облыстың энергетика саласында да көш бастап тұрғанын айтты.

«Тәуелсіздік жылдары оған 600 млрд теңге инвестиция салынды, 2300 мегаваттан астам жаңа қуат көзі іске қосылды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Қазақстан Президентінің айтуынша, облыстың көлік инфрақұрылымы едәуір жақсарған.

Мәселен, Ақсу - Курчатов теміржол тармағы іске қосылды, Омбы қаласына дейінгі халықаралық автодәліз қайта жаңартылды. Қазіргі таңда «Нұрлы жол» бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында Ертіс өзені үстінен көпір өткелі салынуда. Астана - Павлодар бағытында салынып жатқан автобанның құрылысы жоспар бойынша 2017 жылы аяқталады.

Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік салада жүйелі жұмыс жүргізіліп отырғанына да тоқталды.

«Облыстың тұрғын үй қоры 25 жылда 1,7 млн шаршы метр тұрғын үйге дейін көбейді. Былтырғы жылдың өзінде денсаулық сақтау саласын дамытуға 35 млрд теңге бөлінді. Бұл Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылындағыдан 100 есе көп. Өңірдегі білім беру саласындағы көрсеткіштер де жақсы. Облыста апатты жағдайда тұрған және үш ауысыммен оқытатын мектептер жоқ, - деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы әлемдік нарықтағы тұрақсыздық пен қарқынды технологиялық өзгерістер жағдайында елімізді одан әрі дамыту үшін төтенше шаралар қабылдау қажет екеніне назар аударды. Ең бірінші кезектегі маңызды міндет - Қазақстан экономикасын дамудың индустриялық-инновациялық жолына көшіру.

Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық өсімді, халықтың тұрмыс деңгейін көтеру үшін мемлекет тарапынан қажетті барлық жағдайлар жасала беретінін айтты.

ҚР Президентінің Павлодар тұрғындарымен кездесуінде Екібастұздағы жылыжай гүл кешенінің қызметкері Людмила Зеевальд Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне аталған голландиялық қызғалдақтарды өсіру жоспарларымен бөлісті.

«Голландияда Сіздің құрметіңізге аталған қызғалдақтың жаңа түрі шығарылды. Қызғалдақтың аталмыш түрін біздің кәсіпорында да өсіру жоспарлануда. Біз ол гүлдер Павлодарда ғана емес, бүтін Қазақстанда сұранысқа ие болатынына сенімдіміз. Және Екібастұз кеншілер мен энергетиктер қаласы ретінде ғана емес, елдің гүл орталығы ретінде де танымал болады», - деді Л.Зеевальд.

Өзінің есімімен аталған гүл туралы жаңалықты ҚР Президенті қалжыңмен қабылдады: «Мен жайқалған гүлге ұқсамаймын. Голландияға барған сапарымда маған ол гүлді көрсетті», - деп күлді Елбасы.

«Екібастұз гүл өсіруде Нидерландыны шаң қаптырып кетеді. Көрмеде екібастұздық раушан гүлдерді көрдім - олар тамаша», - деп атап өтті Президент.

Людмила Зеевальд сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевқа өнер саласына көрсетіп отырған қамқорлығына алғысын білдірді. Қазақстанда ең ауыр кезеңдердің өзінде барлық театрлар жұмыстарын тоқтатқан жоқ.

«Біз Астанада соңғы жүз жылдағы ең әсем опера және балет театрын салдық. Хореографиялық академия Астана мен Алматыдағы опера және балет театрлары үшін кадрларды дайындайтын болады. Және адамдардың бұл тамаша өнерге балаларын жақындатуға тырысуы - өте қуантарлық. Танымал әртіс болып кету міндетті емес, оған баланы араластыру керек, олар болса бұл әдемілікті жан дүниелерінде алып жүреді», - деді Назарбаев.

Жұртшылық өкілдері Мемлекет басшысына өңірді дамыту мәселелеріне ұдайы көңіл бөліп, тиімді мемлекеттік саясат жүргізіп отырғаны үшін ризашылықтарын білдірді.

Соңында Қазақстан Президенті облыстың тәуелсіздік жылдарындағы барлық жетістігіне өңір тұрғындарының ерен еңбегі арқасында қол жеткізілгенін айтып, павлодарлықтарға зор денсаулық, амандық және береке-бірлік тіледі.

ҚР Президентінің Павлодар облысына сапары барысында Нигериядан келген студент Президентке киіз үй жасау бойынша жобасын таныстырды. Бұл жоба Павлодар мемлекеттік университетінің (ПМУ) студенттері әзірлеген бизнес-жобалардың бірі. ПМУ-ға Нигериядан оқуға келген Ноа Салако көшпенділердің дәстүрінен шабыт алып, баламалы энергия көздерін пайдаланатын киіз үйлерді әзірлеу және оларды Африка елдеріне жеткізу жобасын құрыпты.

Мемлекет басшысына таныстырылған ПМУ халықаралық стартап академиясының жобалары қатарында  заманауи технологияларды, соның ішінде биогумусты пайдалана отырып, вирусқа шалдықпайтын картоп пен ірі бүлдіргенді өсіру бойынша әзірлемелер де болды.

Сонымен қатар Елбасына Павлодар облысына сапары барысында шағын аудандағы көппәтерлі тұрғын үйлер құрылысының барысы және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның жүргізу қарқыны туралы баяндалды.

Нұрсұлтан Назарбаев екі балабақша мен әлеуметтік-мәдени бағыттағы нысандар құрылысына арналған нақтылы жобамен танысты. Сондай-ақ, жолдар мен инженерлік коммуникацияны қайта жөндеу, жасыл көшет отырғызу, тұрғын-үйлердің ауласын балаларға арналған алаңмен жабдықтау арқылы абаттандыру мәселелері қарастырылуда.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті жаңа «Сарыарқа» шағын ауданында орналасқан Балалар техникалық мектебін аралап көрді. Онда оқушылар робот жасау, радиоэлектроника, ұшақ және кеме модельдеу негіздері жөнінде білім алып, жаратылыстану мен гуманитарлық пәндер бойынша бірқатар мектеп бағдарламасын тереңдетіп оқи алады.

Балалар техникалық мектебінің ғимаратында заманауи құрылғылармен жабдықталған 15 оқу бөлмесі бар. Мектептен тыс мекеменің қызметі оқушылардың техникалық мамандықтарға қызығушылығын арттыруға бағытталған.

 

Апта ортасында, 27 қыркүйекте ҚР Үкіметінің отырысы өтті. Онда «Нұрлы жер» аясындағы мәселелер бірінші кезекте талқыға салынды.

Осы орайда жылдың соңына дейін тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылысында биылғы жоспар тиісті деңгейде орындалуына назар аударылды. Атап айтқанда, елімізде 25 жылдың ішінде бір миллионға жуық отбасы баспаналы болған көрінеді. Сонымен қатар  1,4 мың мектеп іске қосылды, 1,3 мың денсаулық сақтау нысандары пайдалануға берілді. Енді болашақта атқарар істер шаш-етектен.

Соның бірі құрылыс материалдарын пайдалануда қазақстандық үлесті ұлғайту жағы баса назарға алынды. ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев нысандарды салу кезінде қазақстандық құрылыс материалдардың үлесін 80 пайызға жеткізуді тапсырды. 

«Құрылыс кезінде отандық материалдарды пайдалану маңызды мәселе. Бүгінде тек 58 пайыз деңгейінде отандық құрылыс материалдары пайдаланылуда. Бізге қазақстандық материалдардың үлесін 80 пайызға дейін жеткізсек, бұл өз кезегінде еліміздегі компанияларға елеулі қолдау болады», - деді Премьер-Министр Үкімет отырысында.

Сонымен қатар Б. Сағынтаев жылдың соңына дейін тұрғын үй құрылысында биылғы жоспарды тиісті деңгейде орындауды тапсырды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін ҚР Ұлттық экономика министрлігі «Нұрлы жер» деп аталатын  тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бағдарламаның тұжырымдамасы тұрғын үй құрылысын тікелей қаржыландырудың орнына ипотекалық кредит беруді дамытуға көшу және жеке құрылыс салушыларды ынталандыру болып табылады. Өз кезегінде ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев «Нұрлы жер» бағдарламасы жұртшылықпен талқыланғаннан кейін Үкімет басшысы қарауына енгізілетіндігін мәлім етті.

Бұл ретте министр жасалып жатқан жаңа бағдарламалардың негізгі міндеттерін атады.  Яғни, бағдарламада пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау жолымен екінші деңгейлі банктердің қолжетімді ипотекалық қарыздар беруі арқылы сұранысты ынталандыру, тұрғын үй салу үшін құрылыс салушыларға қолжетімді қарыздар беру арқылы ұсынысты ынталандыру, Тұрғын үй жинақ банкінің салымшылары үшін «жаңғыртпалы» қағидат бойынша  кредиттік тұрғын үй салу және жалға берілетін тұрғын үйдің өңірлік қорын құру, мемлекеттің инженерлік коммуникация инфрақұрылымын жүргізуі және жер учаскелерін беруі, инженерлік инфрақұрылымға жұмсалған шығындарды өтеуі арқылы жеке тұрғын үй құрылысын дамыту көзделеді.

«Бүгінгі күні министрлік аталған бағдарлама жобасын мүдделі мемлекеттік органдармен, Ұлттық кәсіпкерлік палатасымен, қаржы институттарымен және әкімдіктермен қызу талқылау үстінде. Сонымен қатар, оны жұртшылықпен кеңінен талқылау да жоспарланып отыр. Олардың пікірлерін ескере отырып бағдарламаның жобасы Сіздің қарауыңызға енгізілетін болады», - деді Қ.Бишімбаев Үкімет басшысы Б.Сағынтаевқа қаратып айтқан сөзінде.  

Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев баспанаға кезекте тұрғандар легінің соңғы 3 жылда 2,5 есе артуына алаңдаушылық танытты.

«Қуандық Уәлиханұлы (ҚР Ұлттық экономик министрі Бишімбаев) менде бір сауал бар. Статистикаға қарасақ, соңғы 2-3 жылда кезекке тұрушылардың саны күрт өсіп кетіпті. Мәселен, 2013 жылдан бастап алсақ, 3 жылдың ішінде  біздегі өсім 2,5 есе болып отыр. Бұл мәселеде қандай да бір түгендеу жүргізіле ме әлде бәрін тіркей береміз бе? Бір адам бірнеше қалада кезекте тұруы мүмкін ғой», - деп сұрады Үкімет басшысы министрден.

«Бізде кезекке қою тетіктері «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңда қарастырылған. Шынымен де кезекке тұра алатын азаматтар санаты бізде өте көп. Азаматтардың алатын табыстарының деңгейіне қарай бөлу жоқ. Заңға белгілі бір жаңғырту жүргізу талап етіледі. Бұған қоса, өсімнің артуына соңғы уақытта мемлекеттің тұрғын үй құрылысына баса назар аударуы да түрткі болып отыр», - деді ол.

Министр бүгінде елімізде жалға берілетін және сатылатын үйлердің көптеп салынып жатқандығын атап өтті.

«Соған сәйкес, өзіңіз де Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі салымшыларының  статистикасынан   көріп отырғаныңыздай, 2 жылда 34 пайызға  өсім бар. Дәл осындай жайт кезекке де байланысты туындауда. Қазір «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бұл мәселелердің барлығын шешеміз. Бұған қоса, шын мәнінде әлеуметтік баспанаға  мұқтаж азаматтар оған үміткер бола алатындай заңнамаға бастамалар да көтереміз», - деді Қ.Бишімбаев. 

 

Үкімет отырысында қаралған екінші мәселе білім беру саласы болды. Баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев елдегі мектеп пен балабақша нысандарының құрылысына тоқталды.

Оның сөзінше, 2016 жылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде қосымша 14 мектептің құрылысын бастауға  шешім қабылданды.  Сонымен, биыл 68 нысанды бітіріп, 14 жаңа мектеп құрылысын бастау керек. Бұған қоса, үш өңірде 8 нысанның пайдалануға беру мерзімі сақталмай отыр.

Олар: Атырау қаласының «Нұрсая» шағын ауданындағы мектеп, Бірлік ауылындағы балабақша, Мақат аудандық Доссор орта мектебі; Шығыс Қазақстан облысына қарасты Риддер қаласындағы Мичурин балабақшасы, Тарбағатай ауданындағы Жетіарал мектебі және осы аудандағы Ақжар мектебі.

«Астана қаласы бойынша екі нысан - 17 мектеп-гимназия мен 22 мектептің қосымша құрылысы. Осыған орай, жергілікті атқарушы органдардан көрсетілген проблемалық мәселелерге арнайы назар аударып және олардың құрылысын аяқтап пайдалануға беру бойынша нақты тапсырма беруіңізді сұраймыз», - деді министр.

Өз кезегінде, бала санының өсуіне байланысты Қазақстанның мектептерге деген қажеттілігі арта беретін болады. Бала туу динамикасын саралайтын болсақ, 2018 жылдан бастап Қазақстанда жылына кемінде 50 мектеп салып отыру керек екен.

«Қазақстанда 2015 жылғы 1 қазандағы мәліметтер бойынша 156 апатты және  үшауысымды мектеп болған.  Оларды жою 2018 жылдың аяғына жоспарланып отыр. Көбісі Алматы  және Оңтүстік Қазақстан облыстарында. Енді, 2015 жылы 6 мектеп салынса, биыл 51 мектеп салынып отыр. Келесі, 2017  жылы 99 мектеп салынып, ашылады. Жыл сайын оқушылардың санының өсуі мен урбанизация үдерістері жүріп жатыр. Әрі қарай қалаларда мектептерді салу керек деп есептейміз»,- деді министр.

Оның атап өтуінше, министрлік мектеп тапшы өңірлердің арнайы картасын әзірлеген. Аталған құжатқа сәйкес 2018 жылдан бастап жыл сайын кемінде 50 мектеп салу қажет болмақ.

«Министрлік бюджет қаражатын игеру бойынша ай сайын мониторинг жүргізіп отырады. Ағымдағы жылдың 8 айының нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар шарттардың кеш жасалуына, сот істеріне байланысты 3 млрд. теңгені игермеген. Осы мониторингке сәйкес 5 миллионға жуық қаржыны  Астана, Алматы қалалары, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары  өз уақытында жұмсай алмай отыр», - деді Е.Сағадиев.

 

Министрдің баяндамасынан белгілі болған тағы бір жаңалық, Қазақстанда балабақшамен қамтуды 15-20 пайызға көбейтуге мүмкіндік беретін 2 норма дайындалып жатқан көрінеді.

«Республикалық, жергілікті бюджет және Ұлттық қор қаражаты есебінен ағымдағы жылы 49 балабақша салынып, жекеменшік 438 балабақша және шағын орталық ашылды. Яғни, жекеменшік сектор көмек көрсетіп отыр.

Осы ретте министр балабақша құрылысы бойынша бюджетке күш түсірмеу және жекеменшік әріптестікті дамыту мақсатында қолға алынған жұмыс жоспарларымен бөлісті.

«Біріншіден, жаңа санитарлық, құрылыс нормаларын дайындап, өзгерістер енгіземіз. Бұл екі нормамыз дайын. Ол  балабақшамен қамтуды 15-20 пайызға көбейтуге мүмкіндік туғызады. Екіншіден, биыл республикалық бюджеттен қосымша 35 мың орынға мемлекеттік тапсырыс беретін боламыз», - деді ол.

Сонымен қатар Е.Сағадиев қазіргі уақытта 3 жылдық бюджеттік процестерге сәйкес жергілікті әкімдіктермен «Балапан» бағдарламасы бойынша балабақшадағы орындарға мемлекеттік тапсырысты 3 жылға орналастыру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтты. Бүгінгі таңда мемлекеттік тапсырыс бір жылға ғана беріледі.

 

Үкімет отырысынан кейінгі брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев 2017 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу сұрақтар құрылымы өзгеріске ұшырайтындығын хабарлады.

Оның сөзінше, қазір ҰБТ бойынша түпкілікті жоба әлі жоқ. Ол педагогикалық қоғамдастық талқылауына ұсынылады. Жоба бойынша, мектептерде бірнеше пәннен түлектердің емтихан тапсыруы қарастырылған. Ал ҰБТ-дағы сұрақтар құрылымы өзгеріске ұшырайды.

Оның нақтылай түсуінше, жобада 100-ден астам сұрақтың болуы көзделген.

«Оның 60 сұрағы математикаға, жылдам оқуға, түсінуге қатысты болады. Ол барлығына да бірдей. Талапкердің болашақта таңдайтын мамандығына қатысы бар 60 сұрақ  30 сұрақтан 2 блогқа бөлінген.  Егер шартты түрде айтар болсақ, түлек медицинаға түсетін болса, онда ол 60 стандартты сұраққа жауап береді. Оның 30 сұрағы биологияға, ал келесі 30-ы химияға қатысты. Ұпай жинайды. Қалған процедура айтарлықтай өзгеріссіз қалады»,-  деді Е.Сағадиев. Бұл жоба қазіргі уақытта толықтай дайын және педагогикалық қоғамдастықтың шағын бөлігіне талқылауға берілген. «Талқыланғаннан кейін біз жобаны ҚР БҒМ сайтында жариялап, пікір қабылдай бастаймыз», - деді министр.

 

Үкімет отырысында денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты болған кезекті мәселеде Министрлер кабинеті Медициналық сақтандыру қорына жарнаны төлеу мерзімін жарты жылға шегеру ұсынысын талқылады.

Айта кетейік, Елбасының тапсырмасы бойынша 2017 жылдан бастап елімізде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіліп отыр. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 80-ші қадамын жүзеге асыру барысында өткен жылдың қарашасында «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заң қабылданды. Онда медициналық сақтандыру жүйесін қалыптастыру нормалары көзделген. Биылғы жылы жүйені жүзеге асыруды тереңдету мақсатында 6 кодекске және 15 заңға түзетулер көздейтін жаңа заң жобасы әзірленген болатын. Мемлекет басшысының 2016 жылғы 14 маусымдағы хаттамалық тапсырмасын орындау мақсатында және Әділет министрлігінің ұсынысы бойынша заң жобасы екі заңнамалық жобаға бөлінді.

Осы ретте Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында Министрлер кабинетінің назарына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заң жобасын ұсынды.

«Заң жобасы екі мәселені қарастырады. Біріншісі, медициналық сақтандыру қорына жарнаны төлеу мерзімін жарты жылға шегеруге байланысты. Осы ретте жұмыс берушілер және өзін жұмыспен қамтыған азаматтардан жарналар мен төлемдер 2017 жылдың 1 қаңтарынан емес, 1 шілдесінен іске асырылады. Сонымен қатар мемлекет халықтың белсенді емес бөлігі үшін жарнаны жарты жылға кейін төлейді, яғни 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап төлем жасайды. Сәйкесінше, медициналық сақтандыру жүйесінің медициналық көмек көрсету мен қордан төлем жасау да жарты жылға кейін басталады (2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап)», - деп нақтылады министр.

Оның сөзіне қарағанда, осы мерзімде қор мен оның филиалдары құрылады, денсаулық сақтау шығындары республикалық деңгейде шоғырланады. Бұл тұрғыда Қор медициналық қызметтердің бірыңғай стратегиялық сатып алушысы ретінде қызмет етеді. Дауыс беру барысында Үкімет мүшелері заң жобасына енгізіліп отырған жаңашылдықтарды бірауыздан қолдады.

 

Содан соң, Тамара Дүйсенова өңірлердің белсенді жұмыстар атқаруына қарамастан біраз проблема бар екендігін, олардың денсаулық сақтау нысандары құрылысының дер уақытында аяқталуына кедергі келтіруі мүмкіндігін атап өтті. «Бірінші кезекте бұл дайындығы 95-100 пайызды құрайтын, аяқталу кезеңінде тұрған Қарағанды облысындағы 11 дәрігерлік амбулаторияға қатысты. Проблема мердігерлердің нысанды тапсыру мерзімін бұзуында болып отыр. Осыған байланысты қазір облыста айыппұл санкцияларын салу, одан кейін барып орындалған жұмыстарға төлем жасау бойынша  сот  талқылауы жүргізілуде. Нысандар дайындығының өте жоғары деңгейін ескере отырып, әкімдік сот талқылауын аяқтап, осы жылдың соңына дейін аталған нысандарды пайдалануға беру шараларын қабылдауы қажет», - деді министр.

Оның атап өтуінше, дайындық деңгейі 70-95 пайызды құрайтын келесі 4 денсаулық сақтау нысаны бар. Оларға қажет құрал-жабдықтарды тікелей жеткізуші әлі әкелмей отыр. Бұл Қабанбай батыр ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға, Ақмола облысына қарасты Зеренді ауылындағы емханаға, Қарағандыдағы балалар ауруханасына және Қызылорда облысына қарасты Талсуат ауылындағы психоневрологиялық интернат үйге қатысты жайттар. «Бақытжан Әбдірұлы, бұл өңірлерде ғимараттар дайын, тек технологиялық құрал-жабдықтар ғана қалды.  Мен сізден облыс әкімдеріне технологиялық құрал-жабдықтарды жеткізу мәселесін мердігерлермен шешуді тапсыруыңызды өтінемін», -  деді Т.Дүйсенова. Сонымен қатар министр құрылыс жұмыстары 70 пайызға да орындалмаған 6 нысанның бар екендігін атап өтті.

Сонымен қатар, министрдің мәлім еткеніндей, Семейдегі  радиологиялық орталықтың құрылысына қатысты түйткілді де ашып айтты.  

«Дайындық деңгейі 70 пайыздан да төмен 6 нысан бар. Оның біріншісі Семей қаласындағы өңірлік онкологиялық диспансердің Радиологиялық орталығы. Бұл нысан құрылысы 100 пайыз аяқталған деуге болады. Бірақ онда бір проблема бар. Ол - радиоактивті қалдықтарды жинау және сақтауға қойылған құрал-жабдықтың белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі. Бұл мәселеде біз Даниал Кенжатайұлымен (ШҚО әкімі) тығыз жұмыс істеудеміз, сот тексеруі аяқталып келеді. Сот аяқталғаннан кейін біз бұл нысанды қабылдауға және онкологиялық ауруларды емдеуге пайдалануға дайын боламыз»,-  деді министр.

Оның айтуынша, Ақтаудағы ана мен баланы қорғау өңірлік орталығына да технологиялық құрал-жабдықтар  жеткізілмеген. Мұнан бөлек, дәл осы қаладағы онкологиялық диспансерге қажетті медициналық техникалардың қымбаттауына байланысты жобалық-сметалық құжаттамасы түзетілуде.

Бұған қоса, салынып жатқан дәрігерлік амбулаториялардың сапасына қатысты сын да бар. Ақмола мен Шығыс Қазақстан облыстарында қазірдің өзінде ертеректе жасалған келісімшарттар сот шешімімен бұзылды. Бүгін қалған жұмыстарды орындайтын мердігер ұйымдар анықталды. Алматы бойынша да жобалық-сметалық құжаттарды түзету жүргізілуде.

Жалпы, ведомство басшысының сөзі бойынша, биыл 52 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталады.  Қазіргі уақытта республика бойынша жалпы құны 88 млрд теңгенің 98 денсаулық сақтау кешені салынып жатыр. Оның 53-і республикалық бюджеттен, 45-і жергілікті бюджеттен қаржыландыруда.

Биыл 76 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған. Оның ішінде бүгінгі күні 24 нысан, яғни 1 аурухана, 3 емхана және 20 дәрігерлік-амбулаториялық фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

 

Апта соңына қарай Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстанның өзге салаларына қатысты бірқатар маңызды кездесулер өткізгендігін айта кеткен жөн.

Алдымен Үкімет басшысы облыстар және Астана, Алматы қалалары әкімдерінің қатысуымен ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық және оны өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысын өткізді.

Отырысқа қатысушылар Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне әзірлік бойынша жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік органдардың жұмыс штабтарының жұмыс барысын қарастырды. Көрмені насихаттау, волонтерлік қызмет, туристік пакеттер әзірлеу, Астанадағы нысандардың көрмеге келушілерді қабылдау дайындығы, астаналық әуежай терминалының құрылысы, қонақ үйлер қорының әзірлігі және логистика мәселелері талқыланды.

Отырыс қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі жауапты мемлекеттік органдарға ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық және өткізу жұмыстарына бақылау жүргізуді және көрменің нысандарын пайдалануға беруді дер кезінде жүзеге асыруда қамтамасыз етуді тапсырды.

«ЭКСПО-2017» көрмесі 2017 жылдың маусым және қыркүйегі аралығында Астана қаласында өтеді.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министр жауапты мемлекеттік органдарға ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге дайындық барысын бақылауға алуды және көрме нысандарының мерзімінде пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Бақытжан Сағынтаев, сонымен бірге, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңестерінің мүшелерімен кездесу өткізгендігін атап өтейік.

Онда кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін жетілдіру, отандық тауар өндірушілердің өнімдерін өткізу, ШОБ нысандарын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, салық салу мәселелері талқыланды. 

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев арнайы уақыт бөліп, жетекші IT-компаниялардың басшыларымен де кездесті. Әңгіме барысында отандық IT-нарықты дамыту, стартаптарды қолдау және бағдарламалық өнімдерді әзірлеу, жеке инвестицияларды ынталандыру, сондай-ақ, ақпараттық қауіпсіздік мәселелері талқыланды.

Соңғы жаңалықтар