Үкімет бизнеске жаңа жеңілдіктер дайындауда - министр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесін 50 пайызға жеткізу үшін отандық бизнеске қандай жағдайлар жасалатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы міндетпен біз аса белсенді айналысамыз. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының басты басымдықтарының бірі - экономиканың реттеушілік жүктемесін ауқымды түрде азайту. Бұдан ең бастысы шағын және орта бизнес пайда көреді. Себебі ірі компаниялар әдетте көп көлемдегі реттеуші нормаларды оңай еңсеруге мүмкіндік беретін түрлі заңгерлер, салық кеңесшілері мен түрлі консультанттар болады. 1 шілдеге дейін біз реттеуші нормаларды едәуір қысқартатын бизнесті қайта реттеу жөніндегі жүйелі шаралар әзірлеуіміз керек», - деді ол.

Оның атап өткеніндей, бизнесті реттеуші нормалардың қысқартылуы бизнестің қосымша шығындарын азайтуға сеп болмақ.

Еске сала кетейік, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту бойынша нақты тапсырмалар жүкетеген болатын.

«Мемлекеттік қызмет көрсету үдерісі мейлінше оңтайландырылуға тиіс. Құжаттардың мерзімі мен тізбесін қысқартып, қайталанатын рәсімдерді жою керек. Бұл орайда адамның өзінің баруын қажетсінбейтін толық электрондық форматқа көшіру керек. Сондай-ақ, бизнестің қазіргі қолданыстағы реттеушілік жүктемесі өсімнің жаңа моделін жасау міндетімен үйлеспейді. Үкімет пен әкімдерге биылғы 1 шілдеге дейін бизнесті қайта реттеу жөніндегі жүйелі шаралар әзірлеу міндетін жүктеймін. Дамыған елдердің озық стандарттары мен тәжірибесін енгізу керек», - делінген Жолдауда.

Соңғы жаңалықтар