Үкімет басшысы Жезқазған өңірінің активімен кездесті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қарағанды ​​облысына жұмыс сапары аясында Жезқазған өңірінің активімен және жұртшылығымен әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кездесу өткізді. Бұл туралы primeminister.kz хабарлайды. 

Кездесу барысында облыстың моноқалаларын дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру, нарық жағдаятының өзгерістеріне және жаңа технологиялардың пайда болуына байланысты мамандарды даярлау және қайта дайындау мәселелері талқыланып, «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру нәтижелері мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» орындау тетіктері қаралды.  

Атап айтқанда, кездесуге қатысушылар Қызылорда - Жезқазған - Қарағанды - Астана бағыты бойынша «Сарыарқа» магистральді газ құбыры жобасын іске асыру аясында өңірді газдандыру және ішкі газ тарату желілерін салу жоспарлары туралы әңгімеледі.

Бақытжан Сағынтаев кездесуді ашу кезінде Елбасының «Бес әлеуметтік бастама» үндеуін іске асыру мақсатында тиісті тетіктер әзірленіп, нақты іс-шаралар мен орындау мерзімдерін қамтитын Жол картасы жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Қажетті заңнамалық өзгерістер жасалды. Бюджет қаражаты бөлінді. Үкімет алға қойылған міндеттерді орындау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.

Бұдан өзге, білім берудің қолжетімділігін арттыру, үй-жай жағдайларын жақсарту: жаңа жатақханалар мен «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы секілді студент жастарға арналған жаңа мүмкіндіктер талқыланды.

Қарағанды облысының әкімі Е. Қошанов облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жұмыс жоспарлары туралы баяндады. Жезқазған өңірінде 2017 жылы өнеркәсіптік өндіріс өнімінің көлемі 5% артып, 382,3 млрд теңгені құрады, ауыл шаруашылығы саласындағы өсім 10,6% құрап, инвестициялар 14%-ке артты. Осы жылдың І тоқсанындағы индикаторлар экономика дамуының оң қарқынын көрсетеді.

Өңірде моноқалалар экономикасын әртараптандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өткен жылы қабылданған үш жылдық жоспар шағын және орта бизнесті, сервистік экономиканы, әлеуметтік нысандардың құрылысы мен инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ жұмыспен қамтуға бағытталған. Жоспардың орындалуы өнеркәсіп өндірісінің көлемін 13,2%-ке арттыруға мүмкіндік береді. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемін 63,1%-ке ұлғайту жоспарда бар. 1500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» орындау туралы есеп беру барысында Е. Қошанов газ құбырын салу жобасын іске асыру облыс тұрғындарының 70%-ын қамтитынын айтты. Жезқазғанда бірінші кезеңде орталықтан жылумен қамтамасыз етілмеген көшелер мен шағын аудандарды қосымша қамту арқылы қалаішілік желілерді салу көзделген. Мұнда 2,5 мыңға жуық үйді газдандыру жоспарланып отыр. Келесі саты - Сәтбаев қаласы мен көрші елді мекендерді газдандыру.

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС бас директоры Б. Қырықпышев өңірдегі тау-кен металлургия саласын дамыту перспективалары, өндірістік процестерді автоматтандыру және цифрландыру, еңбек өнімділігін арттыру және мамандарды қайта бағдарлау туралы айтып берді.

ҚР инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек облыстың технологиялық жаңғырту, инвестициялар тарту, Индустрия 4.0 элементтерін енгізу бағыттары бойынша ағымдағы көрсеткіштері мен міндеттері туралы баяндады.

Ұлттық экономика вице-министрі Р. Дәленов Қарағанды ​​облысының моноқалаларын дамыту туралы ақпарат берді. Аймақтың сегіз моноқаласында облыс халқының 42%-ы тұрады.

Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында моноқалаларда жалпы сомасы 43,4 млрд теңгеге, 2 мыңнан астам жұмыс орындарын ашумен 18 «зәкірлік» жоба жүзеге асырылып жатыр; 9 мыңнан астам жұмыс орнын құрумен, қала түзуші кәсіпорындардың қосалқы өндірістерді орналастыруы бойынша 46 жоба енгізілді. Кәсіпкерлерді барлық моноқалаларда кешенді қолдау үшін Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары құрылған. Жалпы алғанда, 2015 жылдан бастап бизнесті қолдау шараларының нәтижесінде облыстың моноқалаларының белсенді әрекет етуші шағын кәсіпорындарының саны 2,4 мыңнан 3,1 мыңға дейін немесе 32%-ке ұлғайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М. Әбілқасымова өнімді жұмыспен қамтуды және еңбекке жұмылғыштықты дамыту, мамандарды жаңа экономикаға дайындау және қайта даярлау мәселелеріне тоқталды. Шағын несие беруді көбейту мақсатында Қарағанды облысына 5,7 млрд теңге қарастырылған, бұл биыл қолдау шараларымен 1312 адамды қамтуға мүмкіндік береді (1094 - ауыл халқы, 218 - қала халқы).

Өз кезегінде, мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын өңірде іске асыру нәтижелері туралы баяндады. Жарты жыл ішінде Қарағанды облысының жетекші өкілдері өз қаражаттары есебінен 15-тен астам жаңа әлеуметтік маңызды нысандар ашты. Жалпыұлттық маңызы бар киелі нысандардың тізіміне Қарағанды облысының 43 ескерткіші енді. Туризмді дамыту мақсатында «Ұлытау» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі аумағында визит-орталық салу көзделген.

Сондай-ақ, кездесуде өңір жұртшылығының өкілдері сөз сөйледі. Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Зинаида Чумакова, Жезқазғанның құрметті азаматы Сағындық Қожамсейітов, Ұлытау тұрғыны Шаяхмет Үмбетов өңірді газдандыру, «Сарыарқа» газ құбыры бойында ШОБ дамыту, сондай-ақ Жезқазған - Қызылорда автожолының сапасы мәселелерін қозғады.  

Талқылау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев жалпы Жезқазған өңірінің дамуы оң қарқын көрсететінін айтып, министрліктер мен облыс басшыларына алға қойылған жоспарларды орындау мен аталып өткен мәселелерді шешу жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Соңғы жаңалықтар