Үкімет басшысы БҚО-дағы ірі кәсіпорындар жұмысымен танысты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бүгін жұмыс сапары барысында өңірдегі ірі кәсіпорындар жұмысымен танысты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Үкімет басшысы «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-да болған кезінде кәсіпорын құрылтайшысы Сайдолла Қожабаев өндіріс тынысынан хабардар етті. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2014 жылдың желтоқсанында іске қосылған зауыт трансформаторларды өндіреді. Бұл жобаға «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 2,6 млрд. теңге несиенің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бойынша 140,9 млн. теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетілген. Сонымен қатар 12,3 млн. теңгеге газ құбыры тартылған. Жобаның жалпы құны - 3,1 млрд. теңге.

2016 жылы 2,57 млрд. теңгеге 3694 дана трансформатор шығарылса, соның 3124-і (2,3 млрд. теңге) Ресейге жөнелтілген.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша 98,5 млн. теңге салық төлеген зауыт «Alageum Electric» компаниялар тобының құрамына кіреді. 2016 жылы түрік инвесторлармен бірге «URAL ELECTRIC» ЖШС бірлескен кәсіпорны құрылып, 100 жұмыс орнын ашып, 1,5 млрд. теңгеге электр техникалық жабдықтар өндіру жөнінде меморандум жасалды. Биылғы бірінші тоқсанда 500 млн. теңгеге электр қалқанды жабдықтар өндірісі іске қосылуда. Бұл жоба жөнінде кәсіпорын басшысы Эльдениз Маммедов әңгімелеп берді.

Б.Сағынтаев сондай-ақ «Орал трансформатор зауыты» ЖШС жұмысшыларымен емен-жарқын тілдесіп, мұнда олардың өнімді еңбек етуіне барынша жағдай жасалғанына көз жеткізді. Мысалы, Әлия Қожанова мамандығы тігінші болғанымен, қосымша білім алып, еңбек биржасы арқылы осында орналасқан.

«Мен осы Оралда тұрамын. Жұмыс жасағаныма бір жыл болды. Мұнда барлығы да жақсы. Асханадан тамақтанып, алаңсыз еңбек етеміз. Үкімет басшысының біздің жағдайымызды сұрап білгеніне ризамыз», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне шебер Берген Сұлтанғалиев.

Премьер-Министрге сонымен қатар «Батыс Пауэр» ЖШС бас директоры Жасұлан Жақыпов үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қуаты 200 МВт газтурбиналы электр стансасының бірінші кезегі іске қосылғаны жөнінде айтып берді. Бұл өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етумен бірге алдағы уақытта Ресей Федерациясына электр қуатын экспорттауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Б.Сағынтаев жұмыс сапары барысында сондай-ақ ет өңдейтін «Жайық ет» ЖШС, жиһаз шығаратын «Квант» ЖШС кәсіпорындары, «Жәңгір хан» жеке балабақшасының жұмысымен таныспақ. Содан кейін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өтеді.

Соңғы жаңалықтар