Үкімет басшысы Атырауда мұнайгаз саласын технологиялық жаңғырту мәселелері жөнінде кеңес өткізді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Атырау облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстанда жұмыс істейтін ірі шетел инвесторларының қатысуымен Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы аясында мұнайгаз саласы кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту мәселелері жөнінде кездесу өткізді.

Іс-шара аясында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, энергетика министрі Қанат Бозымбаев, ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ҚР Үкіметі тарапынан мұнайгаз саласын цифрландыру бойынша іске асырылып жатқан шаралар туралы баяндама жасады, деп хабарлайды primeminister.kz .
null

Өз кезегінде халықаралық компаниялардың өкілдері, олардың ішінде Karachaganak Petroleum Operating B.V. консорциумының бас директоры Ренато Мароли, North Caspian Operating Company компаниясының директоры Бруно Жардэн, «Теңізшевройл» ЖШС бас директорының орынбасары Имир Боннер, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директоры Ван Цзюньжэнь, сондай-ақ «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әділбек Беклиев өз кәсіпорындарын жаңғырту және өндіріске жаңа технологияларды енгізу бойынша жоспарларын айтты.
null

Өз сөзінде Бақытжан Сағынтаев базалық салаларды технологиялық қайта жарақтандырумен ұштасқан Экономиканы үшінші жаңғырту Үкіметке мұнай саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, әлеуетті жұмыстан босатылған қызметкерлер ағымын жұмыспен қамту және жобаларды іске асыруда жергілікті қамтуды арттыру үшін жағдай жасау бойынша бірқатар міндеттер жүктелді.

Сонымен қатар Қазақстан аумағында жұмыс жасайтын халықаралық компанияларға жергілікті халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілік деңгейін арттыру, атап айтқанда өткізілетін тендерлерге жергілікті компаниялардың қолжетімділігін кеңейту, қазақстандық жұмыскерлерді өндіріске белсендірек тарту және олардың біліктілігін арттыру қажет екені айтып өтілді. Қазіргі уақытта шетел инвесторларының тарапынан мұндай жұмыс толық көлемде жүргізілмейді.  

Жалпы бүгінгі таңда Қазақстан өз бюджетінің басым бөлігін мұнай секторы арқылы қалыптастыратыны атап өтілді. Осыған байланысты ҚР Үкіметі осы саланы цифрландыру бойынша жоспарларды іске асырады, олардың негізгі бағыты Төртінші өнеркәсіптік төңкеріс элементтерін жер-жерде енгізу болып табылады: автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект және «үлкен мәліметтермен» алмасу, бұл барлық саланың еңбек өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға алып келеді.

Үкімет бизнеспен бірге 2025 жылға дейін базалық салаларды технологиялық қайта жарақтандырудың кешенді шараларының жоспарын әзірлеп жатыр, ол аталған шараларды жүйелі негізге қоюға мүмкіндік береді.

Оған қоса, жаңа технологияларды енгізу және цифрландыру жұмыскерлерді әлеуетті жұмыстан босатумен байланысты. Осындай жағдайларды алдын ала  болжай отырып, Үкімет әлеуетті жұмыстан босатылған жұмыскерлердің ағымын қабылдай алатын секторларды дамыту бойынша жұмыс жүргізуде, олардың ішінде сервистік экономика мен қарапайым заттар экономикасы, яғни мемлекет тарапынан сәйкес қолдау болған жағдайда жылдам өсудің ең көп әлеуеті бар салалар бар.

Бұдан өзге, кездесу барысында Қарашығанақ кен орнында өндіру деңгейін сақтау, «Теңізшевройл» ЖШС келешекте кеңейту жобалары және газ саласын технологиялық қайта жарақтандыру мәселелері талқыланды.  

Іс-шараға сондай-ақ мемлекеттік органдар, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, «Бәйтерек» ҰБХ, «ҚазМұнайГаз» ҰК, «Атамекен» ҰКП өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар