Уфада «Жазира Жайық» суретшілер көрмесі өтпек

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Башқұртстан астанасы Уфада «Жазира Жайық» халықаралық суретшілер көрмесін ұйымдастыру көзделуде. Бұл туралы ҚР БҚО Суретшілер одағының төрағасы Қуандық Мәдір мәлім етті.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, ҚР мәдениет саласының үздігі Қуандық Насихатұлының айтуынша,  шара «Туған жер» бағдарламасы аясында туған ел өнерін ежелден мидай араласқан көрші мемлекеттің қалаларында насихаттау мақсатында қолға алынып отыр. Алғашқы көрме 10-25 мамыр аралығында Уфа көркемөнер галереясында өткізілмекші.

Бұдан бұрын «Өнер» қоры мен ҚР БҚО Суретшілер одағы осындай бірнеше шара ұйымдастырған болатын. Атап айтқанда, «Жазира Жайық» атауымен суретшілердің облыстық (Орал, 2009-2010 ж.ж.), халықаралық (Орал, 2011-2012 ж.ж.), республикалық (Алматы, 2012-2013, Орал, 2014 ж.ж.) көркемсурет көрме-конкурсын, ҚР тұңғыш Президенті - Елбасы қорының қолдауымен Алматы қаласында  Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік өнер мұражайында БҚО суретшілерінің тұңғыш топтық көркемөнер көрмесін өткізді. БҚО Суретшілер одағы сондай-ақ Батыс Қазақстанмен шектесетін Ресейдің бес бірдей облысының (Астрахан, Волгоград, Самара, Саратов, Орынбор) суретшілерімен тығыз шығармашылық байланыста.

«Сағат санап өзгеріп жатқан әлемдік үдеріске рухани дүниесі орнықты, білімді, кәсіпқой адам ғана ілесе алады.  Рухани дүниесі мықты жанның алмайтын асуы болмайды. Бұл суретшілерге де қатысты. Сондықтан олар өз қазанында қайнай бермей, шет елдерге де шығып, өз өнерлерін көрсетумен бірге озық үлгілерді көріп, түйсіне білулері керек», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Қ.Мәдір.

Соңғы жаңалықтар