ҰБ: Сақтандыру омбудсмені өкілеттігі кеңейтіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда сақтандыру омбудсменінің өкілеттігін кеңейту жоспарланып отыр. Бүгін Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті мен «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясы жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің дөңгелек үстел отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Жанат Құрманов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиын барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады.

«Қазақстанда сақтандыру омбудсменінің оңтайлы тәжірибесін ескере отырып, заң жобасында сақтандырудың барлық санаттарына оның өкілеттігін кеңейту қарастырылған. Сонымен қатар тараптардың сотқа жүгіну құқығы сақталады. Айта кетейік, омбудсмен нарықта 10 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Бұл тұрғыда бізде жақсы тәжірибе бар, яғни сақтандыру омбудсмені саладағы даулар бойынша, көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша мәселелерді шешіп келеді. Осылар Қазақстандағы міндетті сақтандырудың кең тараған түрі. Заң жобасында омбудсменнің қызметі саласын кеңейту қарастырылған. Жеке тұлғалардың әрі шағын кәсіпкерлік субъектілерінің даулары омбудсменнің қатысуымен шешілетіні ескерілген», - деді Жанат Құрманов.

ҰБ төрағасы орынбасарының сөзіне қарағанда, Қазақстанда сақтандыру омбудсменінің жұмысы барысында оның қарауына көлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша екі мыңға жуық өтінім келіп түскен. Оның шешімінің тек бір пайызы ғана сотта қаралған.

«Яғни омбудсмен шешімдері айтарлықтай кәсіби деңгейде болғанын байқап отырмыз. Осы орайда сотқа дейінгі реттеу институты күшейтілуі тиіс деп ойлаймыз. Мұның арқасында сотқа жүгінетіндер айтарлықтай азаяды», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар