ТЖ комитеті Тұздыбастаудағы өрттің себеп-салдарын жария етті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті Алматы облысы Талғар ауданының Тұздыбастау ауылындағы өрт хроникасын жариялады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Комитеттің хабарлауынша, 2017 жылы 27 шілдеде 22 сағат 10 минутта Талғар ауданының Тұздыбастау ауылындағы үйдің өртенуі туралы хабар келіп түскен. 22 сағат 11 минутта Талғар қаласының екінші арнайы мамандандырылған өрт бөлімінің екі бөлімшесі жолға шықты және кейінірек күш-құралдар тағы да көбейтілді.

ТЖ комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов Талғар трассасындағы көліктердің көптігі өрт бөлімшелерінің оқиға орнына жылдам баруына кедергі келтіргенін атап өтті.

«Талғар трассасындағы көліктердің көптігінен және жақын өрт бөлімінің 20 шақырым жерде орналасуынан өрт сөндірушілер оқиға орнына 22 сағат 45 минутта жетті. Өрт орнына келгенде жиһаз цехының, екі тұрғын үйдің және екі жазғы тұрақтың өртеніп жатқаны анықталды. Тілсіз жаудың жақын тұрған тағы үш үйге ауысуына жол берілмеді. Өрттің тұтану себебін анықтау үшін Алматы облысы ТЖ департаментінің өрт зертханасының мамандары жіберілді. Өрттің таралуына өрт бөлімшелерінің айтарлықтай ұзақ қашықтықта орналасуы және баспаналардың тез жанатын материалдардан (ағаш, қамыс) тұрғызылуы себеп болған», - деді ол.

Өртті сөндіруге Алматы қаласының арнайы бөлімдері де жұмылдырылған. Бірлесіп күш салу нәтижесінде, 470 шаршы метр аумаққа тараған өрт 00 сағат 24 минутта ауыздықталды және 01 сағат 16 минутта толық сөндірілді.

«Сын айтатындар міндетті түрде табылады. Оларға айтарым - өрт сөндірушілер ешқашан сусыз келмейді, судың таусылып қалатын сәттері де болады. Кешегі өртте әрбір өрт автоцистернасындағы су 7-10 минутта таусылып қалды. Сондықтан, үздіксіз сумен қамтамасыз ету мақсатында коммуналдық қызметің су тасушы көліктері шақырылды», - деп толықтырды Р.Иманқұлов.

Өрттің салдарынан екі қамыстан салынған тұрғын үй және саманнан салынған жазғы тұрақ өртке оранған, екінші жазғы тұрақтың 35 шаршы метр болатын шатыры жанып кеткен. Аумағы 200 шаршы метр болатын жиһаз цехының мүліктері мен шатыры және УАЗ автокөлігі өртенген.
Өрттен ешкім зардап шеккен жоқ.

Соңғы жаңалықтар