ТЖ департаменті қауіпсіздікті сақтамаған «Хайвилды» жыл басында жазалаған

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басында Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті «Хайвил» тұрғын үй кешеніне жоспарлы тексеру жұмыстарын жүргізген және өрт қауіпсіздігі бойынша бірқатар ескертулер жасаған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Кейбір кемшіліктер бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартқанбыз. Атап айтқанда, жертөледе қоқыс (сынық орындықтар мен үстелдер) жатты, орам ішінде жүретін жолмен қамтуды және өрт гидрантын қыстан кейін ерітуді талап еттік», - деді Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Барат Дұзақбаев әкімдікте өткен брифингте.

Ол адам өміріне қаупі жоғары нысандарды қоспағанда, өзге нысандарды жоспардан тыс тексеруге заң бойынша тыйым салынғанын еске салды.

«Шағын және орта бизнесті мүлдем тексеріп жатқан жоқпыз. Бірақ адам өлімі орын алса, тұрғын үй инспекциясымен және ТШК төрағасымен бірлесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Оларға қай талаптарды орындау қажеттігін түсіндіреміз. (...) Хайвилде салқындатқыш қысқа тұйықталып қалған. Бұл мәселе бойынша тұрғын үй кіреберістерін қайтадан тексеру мен электрмен қамтамасыз ету, салқындатқыш секілді қондырғылардың технологиялық талаптарына түскен жүктемені тексеру жөнінде ұсынымдар бердік», - дейді Астана ТЖД басшысы.

Оның айтуынша, бірнеше адам қаза тапқан қайғылы оқиғада өрт автоматикасы жүйесі дабыл қаққан, бірақ қаза тапқандар өрт дабылын естімеген немесе оған дейін иіс тиіп, көз жұмған.

Еске сала кетсек, 14 шілде күні «Хайвил» тұрғын үй кешенінің D блогындағы пәтерден өрт шығып, 4 адам құрбан болды. Кейінірек, Астана ІІД құрбан болғандар - 1953 жылы туған Нигерия азаматы, оның зайыбы - 1963 жылы туған Ұлыбритания азаматшасы, 8 және 17 жастағы кәмелетке толмаған балалар екені анықтады. Ер адам Назарбаев Университетінің қызметкері болған. Алдын ала болжам бойынша, өрт желілердің тұйықталуынан тұтанған.

Кеше балкондардың бірінде кондиционер қысқа тұйықталды, алайда құрылғы өртенбеді.

6 шілде күні де «Хайвил» тұрғын үй кешенінің A блогындағы ғимараттардың бірі өртенген. Тілсіз жауды 17 дана техника мен 35 адам 20 минутта сөндірген еді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер болған жоқ.

Ал 19 ақпан күні тұрғын үй кешеніндегі өрттен 150 адам, оның ішінде 50 бала эвакуацияланды. Бір адам өрт түтінінен зардап шекті. Оқиға орнында 8 техника мен астаналық өрт сөндіру қызметінің жеке құрамынан 35 адам және «102» полиция қызметі мен «103» қызметінің бригадасы жұмылдырылды.

«Хайвил» кешеніндегі қайғылы өртті қоспағанда, Астана аумағында бірінші жартыжылдықта 387 өрт болған. Бұл өткен жылдың алғашқы алты айымен салыстырғанда, 12%-ға көбірек. Былтыр тілсіз жаудан 9 адам мерт болса, биыл бір ғана адам қаза тапқан. Өрттен келген материалдық шығындардың жалпы көлемі 64 млн 387 теңгені құрады және 408 млн теңгеден асатын материалдық құндылықтар құтқарылды. Өрт жағдайларының басым бөлігі автокөлік пен тұрғын үй секторларында болған.

Соңғы жаңалықтар