Тыңайтқыштарды субсидиялауға әкімдіктер бөлетін қаражат жеткілісіз – АШМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  -  Облыс әкімдіктері тыңайтқыштарды субсидиялауға арналған бюджет қаражатының көлемін ұлғайтулары қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен жылы субсидия нормасын пайыздық мәнде белгілеуден теңгемен белгілетін абсолюттік нормативке көшіру бөлігінде минералды тынайтқыштарды субсидиялау тетігі өзгертілді. Нәтижесінде 2017 жылы минералды тынайтқыштарды қолдану көлемі 368,4 мың тоннаны құрады, бұл 2016 жылдың деңгейінен 107,5 мың тоннаға немесе 41 пайызға жоғары. Осы  ретте, минералды тыңайтқыштарды қолдану төмен деңгейде қалуда және қажеттіліктің 14 пайызынан аспайды»,-  деді бірінші вице-министр.

Оның айтуынша, 2018 жылға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 446 мың тонна тыңайтқышқа, оның ішінде наурыз-мамыр айларындағы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу кезеңінде 270,1 мың тонна тыңайтқышқа өтінім берген. Оның ішінде негізгі үлес «Қазфосфат» және «ҚазАзот» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің отандық өндіріс тыңайтқыштарына тиесілі.

«2018 жылға тыңайтқыштарды субсидиялауға жергілікті бюджеттерде 17 млрд теңге көзделген, бұл өтінім берілген тыңайтқыш көлемін қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз. Осыған байланысты облыс әкімдіктеріне тыңайтқыштарды субсидиялауға арналған бюджет қаражаты көлемін ұлғайтуды ұсынамыз», - деді Арман Евниев.

Жалпы оның дерегіне сәйкес, 2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде 142,6 мың трактор, өнімділігі жоғары 3,7 мың егіс кешені, 82,5 мың тұқым сепкіш, 297 мың топырақ өңдеу құралы бар. 1 наурыздағы жағдай бойынша ағымдағы жылдың көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге тракторлардың дайындығы 87, егіс кешендерінің дайындығы 100, тұқым сепкіштердің дайындығы 87, топырақ өңдеу құралдарының дайындығы 88 пайызды құрайды.

Соңғы жаңалықтар