Тұздыбастаудағы өрттің шығу себебі анықталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Алматы облысы Тұздыбастау ауылындағы өрт болған жерде болып, куәгерлермен тілдесті.

«Жиһаз цехынан басталған өртті жел біздің жаққа бұрды. Менің анамның үйі ағаш үй болатын. Құжаттардың бәрі үйде қалып, жанып кетті. Анам сатұр-сұтыр еткен дыбыс естіп, жарық көргендігін айтады. Ол далаға жүгіріп шыққанында жиһаз цехының ауласы тұтас отқа оранғандығын көрген. Тұрғындар өрт сөндірушілерді шақырған. 3 үй тұтас өртеніп кетті, біреуін аздап өрт шалды. Әкемді ауыр жағдайда ауруханаға алып кетті. Қан қысымы көтерілген анам жедел жәрдем қызметінде отыр, ауруханаға барғысы келмейді», - дейді үйі өртенген Наталья Патронинаның ұлы.

Куәгерлердің айтуынша, көршілері Тоқтақыновтардың үйлері тұтастай өртеніп кеткен. Олардың әкелері мен аналары ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген.

«Әрине өрттің себебін тиісті тұлғалар анықтай жатар, алайда менің ойымша өрт ұқыпсыздықтан болды. Бұл цех 2015 жылы ашылды. Оның заңсыз жұмыс істейтіндігін барлық көршілер біледі», - деді өртке қатысты өз пікірін білдірген Наталья Патронинаның ұлы.

Айта кетейік, өрт сөндіру кезінде өрт сөндіру қызметкерлеріне жергілікті тұрғындар көмек көрсетті. Өрт салдарынан Алматы мен Алматы облысының шығыс аудандарын байланыстыратын Талғар тасжолы жабылды.

27 шілде күні сағат 22:10 шамасында Алматы облысы Талғар ауданы Тұздыбастау ауылындағы Жібек жолы көшесінде жиһаз цехынан шыққан өрттің салдарынан ауласындағы уақытша тұрақ пен барақ тәрізді салынған үй өртенді.

Қазіргі уақытта тілсіз жау толықтай ауыздықталды. Алдын ала мәліметтер бойынша өрт аумағы 380 шаршы метрді қамтыды.

Соңғы жаңалықтар