Туындыда өміршеңдіктің иісі аңқып тұр - Бақытжан Жұмағұлов Елбасының кітабы жайлы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында Тәуелсіз Қазақстанның тарихы өте шымыр әрі нақты пайыммен жазылған. ҚР Ұлттық ғылыми академиясының академигі, сенатор Бақытжан Жұмағұлов осылай деп ойын білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Туынды маған терең әсер қалдырды. Бұл оқырманды бей-жай қалдырмас аса ыждаһаттылықпен жазылған кітап. Кітаптың тағы бір ерекше қырын атап өткім келеді. Біріншіден, мұнда Тәуелсіз Қазақстанның тарихын өте шымыр әрі нақты пайыммен жазған. Екіншіден, туындының әр жолында өміршеңдіктің иісі аңқып тұр. Әр жолда, әр реформаны баяндаған кезде автордың эмоционалдық көңіл-күйін сезіне аласыз», - дейді Бақытжан Жұмағұлов.

Академиктің айтуына қарағанда, соңғы 26 жылдық тарихында Қазақстанның даму мен өркендеуінде, алға озуында Ұлт Көшбасшысының еңбегі зор.

«Дәл Елбасының ақыл-ойы, интеллекті мен күш-жігері ел дамуының қайталанбас моделін жасап берді. Елбасының кітабын оқығаннан кейін менің есіме 2005-2008 жылдар аралығында «Нұр Отан» партиясында болған күрделі кезеңдер есіме оралды. Өйткені, 2005 жылғы Президенттік сайлау бүкіл партия үшін өсудің, саяси кемелденудің нағыз сынағы болды. Елбасы кітапта атап өткендей, ол сайлау ХХІ ғасырдың басындағы Қазақстаның ішкі саяси өміріндегі ең маңызды оқиғаға айналды. Мен сол кезде Елбасының сайлауалды штабын басқардым. Тарихи сәттердің басы-қасында болдым. Сол үшін өзімді бақытты санаймын. Осы сайлау еліміздегі жетекші партияны Парламенттік үлгідегі партияға айналдырудың алғашқы қадамы болды», - дейді сенатор.

Бақытжан Жұмағұлов сол тұстағы тағы бір маңызды мәселе - 2007 жылғы конституциялық реформа екенін айтады. Оның ең басты жаңалықтарының бірі - еліміздегі Парламент сайлауы пропорционалды, яғни тепе-теңдік сайлау жүйесіне ауысуы.

«Осылайша еліміздегі саяси партиялар ашық бәсекеге, электоралды процеске толық қосылды. Бұл дамыған демоктратиялық елдерге тән жүйе еді. Біз жаңа жүйедегі Парламенттік сайлауды сәтті өткіздік. Онда біздің «Нұр Отан» партиясы сенімді түрде жеңіске жетті», - деп еске алды өткенді сенатор.

Бақытжан Жұмағұлов Мемлекет басшысының бастамасымен ғылымды басқарудың жаңа моделі жұмыс атқарып жатқанын тілге тиек етті.

«Бұл қадам зерттеушілердің жігерін жанып, интузиазмын бірден көтерді. Келешекте ғылымның өнімдерін коммерцияландыру бағытына баса маңыз беріледі. Бұның артында әлбетте, зор болашақ тұр. Осының барлығы жаңа кітапта қамтылған», - деп түйді ол.

Еске сала кетсек, Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабының салтанатты тұсаукесері болып өтті. Тарихи публицистика жанрында жазылған, қазақ және орыс тілдерінде басылған Елбасының бұл еңбегі еліміздің жаңа тарихы мен оның ертеңіне деген автордың көзқарасын танытады.

Соңғы жаңалықтар