Түймебаевқа мембағдарламалардың орындалу барысы баяндалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкiмi Жансейiт Түймебаевтың төрағалығымен аудан, қала әкiмдерi және облыстық басқармалар басшыларының қатысуымен селекторлық мәжiлiс өттi, деп хабарлайды ҚазАқпарат okg.kz. сайтына сілтеме жасап.

Күн тәртiбiне сәйкес, облыстың 2016 жылдың 9 айындағы әлеуметтiк-экономикалық даму қорытындысы, «Нұрлы жол» және «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламаларының орындалу барысы талқыланды.

Бiрiншi мәселе бойынша сөз алған облыстық экономика және бюджеттiк жоспарлау басқармасының басшысы Р.Мүлкеманов, есептi мерзiм iшiнде өнеркәсiп өнiмiнiң көлемi 574,2 млрд. теңгенi құрап, ауыл шаруашылығының жалпы өнiмi 319,6 млрд. теңгеге, құрылыс жұмыстарының көлемi 125,3 млрд. теңгеге жеткенiн баяндады. Дегенмен, басқарма басшысының айтуынша, өңiрге инвестиция тартуда нәтиже төмен. Яғни 9 айда негiзгi қорға 240,8 млрд. теңге инвестиция бағытталып, 2015 жылдың тиiстi кезеңiмен салыстырғанда ол 82,4 пайызды құрады.

Күн тәртiбiндегi екiншi мәселе аясында облыстық құрылыс басқармасының басшысы С.Полатов биылғы жылға жоспарланған 14 нысанның 7-еуiнде құрылыс жұмыстары өндiрiстiк кестеге сай жүрiп жатқанын жеткiздi. «Нұрлы жол» мемлекеттiк бағдарламасы бойынша 9 жобаны iске асыру жоспарланғанын айтқан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы М.Марайым бөлiнген қаржының 96 пайызға игерiлiп, белгiленген жұмыстар жыл соңына дейiн толық орындалатынын баяндады.

Селекторлық отырыста «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының орындалу барысы бойынша баяндама жасаған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының басшысы Ә.Темiрбаева жыл басынан берi 54570 адамға бағдарлама қатысушысы ретiнде қолдау көрсетiлгенiн хабарлады. Оның iшiнде, 19965 адам өздiгiнше жұмыспен қамтылып, жылдық жоспар 113 пайызды құраған.

Баяндамашыларды мұқият тыңдаған облыс әкiмi күн тәртiбiнде қаралған әрбiр мәселе бойынша сала жетекшiлерiне нақты тапсырмалар жүктедi. Жансейiт Қансейiтұлы экономикалық индикаторлар бойынша жұмыстардың тиiстi деңгейде орындалып, облысқа қаржы тартуда инвесторларға жағдай жасалу қажеттiгiн атап өттi. Құрылыс нысандарын салып, коммуналдық жүйелердi реттеуде мерзiмiнен кешiккен мердiгерлердi анықтап, жалпы тiзiмнен шығаруды жүктедi. Сондай-ақ, жұмыспен қамту мәселесiнде берiлген тапсырмалар орындалмай жатқан аудан, қалалардың тiзiмiн жасап, әкiмдiктiң аппаратына берудi мiндеттедi.

 

Соңғы жаңалықтар