Түймебаев түркі әлемінің инженерлері мен сәулетшілерімен кездесті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев түркі әлемі инженерлер және сәулетшілер одағы мүшелерін қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесуде тараптар сәулетшілік және қала құрылысы жобаларын әңгімелеп, түркі әлемінің ежелгі сәулет өнері ескерткіштерін сақтау және оның бүлінуін болдырмау, құрылысты салу барысында ежелгі дәстүрлері мен заманауи ұстанымдарын үйлесімді ықпалдастыру жайын сөз етті.

Басқосуда өңірдің шуақты бөлігінде орналасқан халқы еңбекқор әрі қонақжай өңір екенін айтқан аймақ басшысы, облыстың тарихи және киелі жерлерімен таныстыру мақсатында қонақтар үшін арнайы үш күндік бағдарлама әзірленгенін жеткізді. Сонымен қатар, әкім Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста «Көне Түркістан», «Ордабасы мемориалы», «Қазығұрт - Кеме қалған» тарихи-мәдени кешені сынды бірқатар жобалар қолға алынғанын атап өтті.

Кездесуде Түркі дүниесінің сәулетшілер және инженерлер одағының бас хатшысы Ілияс Демирджи сөз алып, атажұртқа келгеніне қуанышты екенін атап өтті. Аймақ басшысы Жансейіт Түймебаевтың қабылдағанына алғысын білдірді.

«Біздің Оңтүстік өңіріне жасаған сапарымыздың мақсаты - атажұртымызбен бірлесіп, тиісті бағдарламалар жүргізу. Түрік дүниесінің инженерлер және сәулетшілер одағы «Фирбанк» құрылыс банкімен бірлесе, тұрғын үй мен құрылыс саласында көмек бермек.  Бүгінде Әзербайжан, Түркия және Қырғызстан елдерінде құны 60 млн доллар болатын бірлескен жобалар әзірленіп жатыр. Бұл орайда, біз тәжірбие алмасу үшін сәулет және қала құрылыс басқармасының басшысын Түркия еліне шақырамыз», - деді Ілияс Демирджи.

Енді Түркия мемлекетінен келген делегаттар сапары барысында Оңтүстіктің киелі жерлеріне зиярат етіп, тарихи және көрікті жерлерін тамашалайтын болады. Сонымен бірге Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде өтетін семинарға қатыспақ.

Соңғы жаңалықтар