Туу туралы куәлігімде аты-жөнім латын әліпбиімен жазылған - еңбек ардагері

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының бір топ зиялы қауым өкілдері мемлекеттік тілдің латын әліпбиіне көшуі жайлы өз пікірлерін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«9 қазандағы Ақордада өткен жиналыс ойдағыдай өтті деп ойлаймын. Онда ұсынылған диграфтардың орнына апострофпен жазуға тоқталғандығымыз дұрыс деп санаймын. Мен өзім 1940 жылы туғанмын, туу туралы куәлігімде аты-жөнім латын әліпбиімен жазылған. Оған көшудің саяси, мәдени және тарихи маңызы зор. Бұл - жаңғырудың үлкен бір бастауы, ұлттық құндылығымызды нық бекітетін қадам. Бұл - біздің төл әліпбиіміз», - дейді еңбек ардагері Асылмұрат Тұрғанбеков.

ҚР бірінші әнұранының авторы, жазушы Жадыра Дәрібаева да екі немесе үш әріптен бір дыбыс берудің қиын соғатынын, өз бастауымызды сақтай отырып бір дыбыстан бір әріп шығару қажеттігін баса айтты.

«Ақордада өткен жиналыс нәтижелі болды деп санаймын. Алдынғы нұсқаға қарағанда соңғысы жеңілдеу, оңай қабылданады және оңай жазылады. Себебі екі немесе үш әріптен бір дыбыс беру қиын соғады, ал енді өз бастауымызды сақтай отырып бір дыбыстан бір әріп шығарамыз. Бұл шешімді толықтай қолдап, латын әліпбиіне көшу арқылы алға нық қадам басатындығымызға сенімдімін», - деді ол.

Профессор, филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісмақова да қоғамда қызу талқыға түскен қазақ тілінің жаңа әліпбиі туралы өз пікірін білдірді.

«Елбасымен кездескен ғалымдар А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының дайындаған жобасын ұсынды. Бұдан бұрын ұсынған 25 әріптен тұратын 3 таңбалы әліпби қиындау болып келсе, кейін ұсынған нұсқа ең қолайлы және көпшіліктің ойынан шығады. Ғалым ретінде бұл өзгерісті толығымен қолдаймын», - дейді ол.

Еске сала кетсек, 9 қазан күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша жұмыс тобы мүшелерін қабылдады. Жиында Мемлекет басшысына қоғамдық талқылаулар барысында келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып әзірленген қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жобасы ұсынылды .

Айта кету керек, Елбасы 2017 жылы сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латын әліпбиінің қазақ тарихымен қалай тамырласып келе жатқандығын атап өткен болатын.

«Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық орта­ның, ком­муникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасыр­дағы ғылы­ми және білім беру процесінің ерекше­лік­теріне байланысты.

Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес.      

2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет», - деді Н.Назарбаев.

Президент алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізуге пәрмен берді.

Елбасы латын әліпбиіне көшу мәселесіне келгенде халық пікірін ескеруді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар