Тұтынушылардың «Жайықжылуқуат» АҚ-ға қарызы 380 млн теңгені құрап отыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда тұтынушылардың «Жайықжылуқуат» АҚ-ға қарызы шамамен 380 млн теңгені құрап отыр. Бұл туралы бүгін өңірлік коммункациялар қызметі алаңында «Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры Мұрат Бәйменов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оның айтуынша, қарызды қайтару бағытында барынша пәрменді шаралар алынуда. Атап айтқанда, борышкерлер сотқа беріледі. Соттың шешімдерімен 54 автокөлік, 491 пәтер тұтқындалды. Бұл мүліктерді азаматтар сата алмайды, кепілге де қоя алмайды. Одан басқа 227 адамның шетелге шығуына шектеу қойылды.

Сонымен бірге жылыту маусымына дайындық барысында кәсіпорында 369,14 млн теңгені (Орал жылу-қуат орталығы бойынша - 208,083 млн және жылу желілері бойынша - 161,060 млн теңге) игеру жоспарланған болатын. Жылу-қуат орталығындағы барлық жұмыстар мерзімінде орындалды. Сондай-ақ 8,823 км жылу желілері ауыстырылды. Сынақ жұмыстары да жүргізілді.

Айта кетейік, БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне қарағанда, аудандардағы әлеуметтік нысандарға 4,2 мың тонна көмір және 1,04 мың тонна сұйық отын қажет. Күні бүгін әлеуметтік нысандарға 4,03 мың тонна көмір (97 пайыз) және 0,72 мың тонна сұйық отын (6 пайыз) жеткізілді. Қалғаны аудан әкімдіктері және мердігерлер арасында жасалған келісімшарттарда көрсетілген мерзімдерге сәйкес жеткізілетін болады.

Облыстағы 640 білім беру нысаны жылыту маусымына толық әзір. 397 денсаулық сақтау нысанының 394-і (99 пайыз), 383 әлеуметтік нысандардың 379-і (99 пайыз) дайын.

Батыс Қазақстан облысындағы 1322 тұрғын үйлердің 1286-сында гидравликалық сынаулар жүргізілді (97 пайыз). Тұрғын үйлер дайындық құжаттарын 1 қазанға дейін алуы тиіс. 

Соңғы жаңалықтар