Туроператорлар ЭКСПО көрмесін қарашаға дейін созуды сұрап отыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның туроператорлары «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтен халықаралық көрмені 1 қарашаға дейін созуды сұрады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ашық хат авторларының айтуынша, туроператорлар мен турбірлестіктер үшін тұңғыш рет туризмнен пайда табуға мүмкіндік туған.

«Аз уақыттың ішінде біз көптеген жұмыс орындарын ашып, үлкен табыс таптық. Студенттер мен аталған саланың көптеген мамандары шараларды ұйымдастыруда және шет тілдерін меңгеруде баға жетпес тәжірибе алды. Жастардың жұмыспен қамтылуы артты. Компаниялар 10-нан 200 адамға дейін жастарды жұмысқа алды. Отандық туроператорлар өздерінің турмаршруттарын іс жүзінде сыннан өткізіп, туристердің пікірлерін жинақтады және өз өнімдерін жетілдіруге кірісті. Бүгінгі күні осы мүмкіндіктің «ЭКСПО-2017» көрмесі барысында ғана, яғни тек үш айға ғана берілгені мәселе болып тұр. Құрметті Ахметжан Смағұлұлы! Турбірлестіктердің атынан Қазақстан Республикасының Президенті мен көрменің Халықаралық бюросына өтініш жолдап, көрмені 2017 жылдың 1 қарашасына дейін созу мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз», - делінген үндеухатта.

Оған қол қойғандардың арасында туроператорлар, рестораторлар, қонақ үй бизнесінің өкілдері бар. Ашық хатқа жалпы 30 компания қол қойған.

Соңғы жаңалықтар