Тұрмыстық зомбылықтан зардап шеккендерге биыл 73 млн теңге бөлінген

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы кризистік орталықтарға жергілікті бюджеттен жалпы 73 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген.

«Жергілікті бюджеттен мемлекеттік секторға - 57 795,4 млн теңге, үкіметтік емес секторға  - 15 750 млн теңге қаржы қарастырылған», - делінген ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «ҚазАқпарат» агенттігінің ресми сауалына берген жауабында.

Ведомство ақпараты бойынша, елде бар-жоғы 6 мемлекеттік кризистік орталық жұмыс жасайды. Олар - Атырау, ШҚО, Жамбыл, БҚО, Павлодар облыстары мен Астанада орналасқан. Сонымен қатар Ақтөбе, Алматы, ШҚО, Қызылорда, Қостанай, ОҚО, Маңғыстау облыстарында 8 үкіметтік емес орталық бар. Олардың барлығы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсетеді.

Қазіргі уақытта мемлекеттік орталықтарда 2 713 адамға қызмет көрсетілген. Олардың ішінде 2 263 адам -әйелдер, 54 - ерлер, 375 - балалар, 21 - қарт кісілер. Үкіметтік емес орталықтардағы қызметтермен 3 491 адам қамтылған. Оның 3 271-і - әйелдер, 57 ерлер, 133 - балалар, 30 - қарттар.

Айта кету керек, орталықтардың барлығы да адамдарға пана бере алмайды. Себебі олардың негізгі бөлігі жатын орындармен қамтылмаған. Мемлекеттік орталықтарда жалпы 210 жатын орын болса, үкіметтік емес сектордағы орталықтарда 33 қана жатын орын бар. Сондықтан олар тек кеңес берумен шектеледі.

Министрліктің атап өткеніндей, тұрмыстық зорлық-зомбылықтар кезінде азаматтардың орталықтарға хабарласуына итермелейтін негізгі себептер: алимент төлемеу, айырылысу кезінде мүлікті бөлу, жұбайының ішімдікке салынуы, жұмыссыздық, материалдық қиыншылықтар, туған-туыстармен отбасылық жанжал, бала мен ата-ана қарым-қатынасы, жеке бас жанжалдары, баспананың жоқтығы, құқықтық кеңес, физикалық, психологиялық, сексуалдық зорлық, педофилия, тән саудалауға итермелеу, суицид, отбасының экономикалық жағдайының төмендігі, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы базалық білімнің жоқтығы және тағы басқа. 

Еске сала кетейік, 10 маусымда танымал тележүргізуші әрі продюсер Баян Есентаева өзінің күйеуінен жәбір көрген болатын. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырғаны белгілі. Үш айдан соң, өзінің алғашқы сұхбатында Баян Есентаева елдегі бірде-бір әйел құқығын қорғау ұйымы хабарласпағандығын айтқан да болатын. Бұл мәлімдеге жауап ретінде ҚР Президентi жанындағы Отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегi ұлттық комиссиясы төрағасының орынбасары Елена Тарасенко, Баян жапа шеккен азаматша ретінде тиісті кризистік ұйымдарға өзі хабарласу керек болған деп жауап берді. Дегенмен ол Қазақстанда мұндай орталықтар жеткіліксіз екендігін және олар өз деңгейінде жұмыс атқара алмай отырғандықтарын жасырмады. Өз кезегінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккен әйелдердің құқықтарын қорғайтын заңнама жұмыс істемейтіндігін мәлім етті.

Соңғы жаңалықтар