ТҮРКСОЙ әртістері «Әуенді Сарыарқа» фестивалінде өнер көрсетті

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов «Әуенді Сарыарқа» халықаралық фестивалінде өнер көрсеткен отандық және шетелдік әртістерді қабылдады және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновті 70 жылдық мерейтойымен құттықтады. 

Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңір басшысы әртістерге тамаша музыка кештерін өткізгендері үшін алғысын білдірді. 

« Сізге, Дүйсен Қорабайұлы, осындай жоғары деңгейлі музыканттардың басын біріктіріп, шақырғаныңыз үшін үлкен алғысымды білдіремін», - деді Ерлан Қошанов мерейтой иесіне. - Сіз Қарағандыны одан да бетер әуенге толтырдыңыз. Сарыарқаның мәдениеті әр уақытта жоғары болатын. Және де осындай фестивальдер оған септігін тигізеді. Сол үшін сізге көп рахмет». 
Шетелдік қонақтар қарағандылық сахнада өнер көрсету олар үшін үлкен қуаныш екенін жеткізді. 

 - Біз мұнда қуана келеміз, бұл жердің қауымы тамаша, - деді Өзбекстанның халық әртісі, дирижер Фарух Садықов. - Көрермендер бізді біліп қана қоймай, кім дирижерлық ететінін сұрайды, біз неге өткенде ойнаған туындыларымызды осы жолы орындамадық деген сауалдар қояды. Демек, жергілікті халық біздің өнерімізді танып, біледі деген сөз. Және де ең қызықтысы - концерт аяқталған соң ешкім қайтқысы келмейді. 

 Кездесу барысында әртістерге гүл шоқтары мен Қазыбек бидің 350-жылдығына арналған естелік кәдесыйлар табыс етілді. 
Өз кезегінде Ерлан Қошановқа Түркия елінен келген қонақ Ферял Башел естелік кәдесыйлар тапсырды. 

Соңғы жаңалықтар