Түркияда шығатын журнал бір санын қазақ ақынына арнады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Түркияда шығатын «Бауырлас қаламдар» журналы ақпан айындағы санын ақын Есенқұл Жақыпбеккке арнады, деп хабарлайды «ҚазАқапарат» Қазақстанның Түркиядағы елшілігіне сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен, Еуразия Жазушылар қауымдастығына қарасты «Кардаш каламлер» журналының ақпан айындағы саны Мәдениет саласының үздігі, ақын Есенқұл Жақыпбектің шығармашылығына арналды.

Журналға ақынның көзі тірісінде жазған «Өмірімді өлеңсіз елестете алмаймын», мақаласы мен Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлының «Тәңір таудың дауысы», Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуб Омароғлының «Махаббатты сүйген ақын» және ақын Атаман Калебозон ханымның «Өлең, өлең, өлеңмін мен» деп жырлайды Есенқұл Жақыпбек», Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрметті президенті, генерал-майор Қайрат Сатыбалдыұлының «Елін сүйген, елі сүйген ақын», жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының «Ақын Есенқұл», ақын Кәдірбек Құныпияұлының «Мәңгілік із» атты мақалалары енген.

Сондай-ақ, басылымға Есенқұл Жақыпбектің топтама өлеңдері мен фотошежірелері енді. Материалдарды түрік тіліне аударып, дайындаған дипломат-жазушы Мәлік Отарбаев.

Есенқұл Жақыпбеков - 1954 жылы 10 ақпанда Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Бірлік ауылында туған. Еңбек жолын мектеп бітірген соң аудандық газет редакциясында бастады. Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.

Ол ұлы Жамбылдың жыраулық мектебінің лайықты түлегі, көрнекті өкілдерінің бірі ретінде жастайынан-ақ елге кеңінен танылды. Айтыс аламанында отыз жылдан астам уақыт тер төгіп, телевизиялық айтыстың тұңғыш жеңімпазы атанды. Есенқұл Жақыпбектің Әсия Беркенова, Әселхан Қалыбекова және қырғыз ақыны Әшірәлі Айталиевпен болған сөз сайыстары айтыстың классикалық үлгісі ретінде есте қалды. Қалам мен домбыраны тең ұстаған ақын көп жылдан бері өнерлі жас жеткіншектерге дәріс беріп, қанаттарының қатаюына зор үлес қосты. Өмірінің соңғы жылдарында алғашқы жырларын оқырманға жария еткен аудандық «Атамекен» газетінің бас редакторы болды. Саналы ғұмырын әдебиет, журналистика саласын дамытуға арнап, ұлтжанды, намысшыл, мамандығына адал жан екендігін дәлелдеді.

«Қарлығаш», «Бастау», «Біз екеуміз», «Ағымнан жарыламын», «Жерге табын», «Жанқисса», «Есіл дүние-ай», «Біздің елдің жігіттері», «Бұл жаз да өтер», «Жетісу жырлайды», «Сарғайған сары терезе», «Тау басында кәрі қар», «Тазқара құстың тағдыры» сынды оннан аса кітаптары оқырман жүрегінен жол тапқан. Екі жүзге жуық өлеңдеріне ән жазылды. «Қара күз», «Алдай-ау», «Жұлдыздар бәрін болжайды», «Тұманды күн» сияқты жиырмаға жуық ән шығарған композиторлық қыры да халық арасына кеңінен тараған.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі, Президент стипендиясының, Біржан сал атындағы сыйлықтың иегері, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне - 10 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Астана қаласына - 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне - 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар