Түркияда Қазақстан мәдениеті мен киносының күндері ашылды

None
None
АНКАРА. ҚазАқпарат - Түркияның астанасы Анкарада екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнауының 25 жылдығына арналған  Қазақстан мәдениеті мен киносының күндері ашылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

 Осы атаулы оқиғаға байланысты Юнус Емре мәдениет орталығында Қазақстан әншілері мен шығармашылық ұжымдарының салтанатты концерті болды.

 «Бұл шара Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнауының 25 жылдығынан арналып отыр. Сол уақыттан бері екі елдің арасындағы ынтымақтастық одан әрі тереңдей түсуде. Ағымдағы жылғы 9 қыркүйектегі Түркия Президенті Реджеп Тайип Эрдоғанның Астанаға сапарының осынау екіжақты байланыстардың одан әрі жандана түсуіне  ықпал етті»,- деді салтанатты ашылу рәсіміндегі  құттықтау сөзінде  ҚР Мәдениет және спорт вице министрі Ақтоты Райымқұлова. Сондай-ақ ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  Түркиямен ынтымақтастыққа ерекше маңыз беретіндігін атап өтті.

Өз кезегінде Түркия мәдениет және туризм министрінің орынбасары Хусейн Яйман Қазақстаннан келген қонақтарға ыстық ықыласын білдіре келе,  өз елінің қашанда қазақстандық достарды құшақ жая қарсы алатындығын жеткізді.

Сонымен бірге екі халықтың тарихы, ортақ мәдени құндылықтары тереңнен тамыр тартып жатқандығын еске салды.

 Өнер кешінің барысында қазақ халқының әндері мен билері, қазіргі эстрадалық шығармалар орындалды. Қазақстандықтардың өнеріне тәнті болғандықтары соншалық, түрік көрермендері концерт аяқталғаннан соң орындарынан тік тұрып қошемет көрсетті. 




Фотограф: Оразбек Даут

Соңғы жаңалықтар