Түркияда Қазақстан мәдениеті күндері аясында Ермек Тұрсынов фильмдерінің көрсетілімі басталды

None
None
АНКАРА. ҚазАқпарат - Анкарада Қазақстан мәдениеті күндері аясында белгілі қазақ режиссері Ермек Тұрсынов фильмдерінің көрсетілімі басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бір апта бойы түрік көрермендері режиссердің: «Шал», «Кемпiр», «Кенже», «Келiн», «Жат» картиналарын тамашау мүмкіндігіне ие болады. Шара қарсаңында Тұрсынов Анкараға барып, түрік көрермендерімен сұхбаттасты. «Мен бүкіл әлемде өз фильмдерімді көрсеттім, ал Түркияға киноларыммен алғаш рет келіп отырмын. Бұған өте қуаныштымын, өйткені біздің түп-тамырымыз бір, тіліміз ортақ», - деді Ермек Тұрсынов.

Брифингте режиссер: «Әлемдегі әр көрермен әр түрлі. Сондықтан менің фильмім жұрттың бәріне бірдей ұнайды деп айта алмаймын. Біреуге «Келін» ұнайды, басқа біреу «Шалды» ұнатады. Енді біреулер «Келінді» мүлдем ұнатпайды. Менің фильмдерімді тамашалауға өнерді түсінетіндер келеді деп үміттенемін», - деді.

Оның пікірінше, «фильмдері түрік көрермендері үшін бөтен емес». «Фестивальдарда менің киноларым жоғары бағасын алады, бірақ прокат мүлдем бөлек дүние. Қазір киноның тілі өзгерген, көрермендер жаппай «Аватарға», «Трансформерлерге» барады, ал менің киноларымның өз көрермені бар», - дейді Ермек Тұрсынов.

Соңғы жаңалықтар