Түркия парламенті президенттік басқару түріне ауысуды қолдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркия парламенті президенттік басқару түріне ауысу туралы конституциядағы өзгерістер жиынтығын мақұлдады, бұған дауыс беру нәтижесі дәлел, деп хабарлайды Риа Новости.

18 баптан тұратын заңды қабылдауға 339 депутат келісім берген. Соңғы шешім қабылдау үшін заң референдумға жіберіледі.

«Атқарылған жұмыстар үшін депуттарға алғыс білдіремін, енді халықтың ойын білгіміз келеді», деп мәлімдеді Түркия премьері Бинали Йылдырым.

Жақын күндері Түркия президенті Тайып Ердоған заңға қол қояды деп күтілуде, одан кейін заң мәтіні ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң референдум өтеді.

Түркия Республикасы құрылған 1923 жылдан бері елде парламенттік басқару жүйесі болды. Ал оның орнына президенттік басқару жүйесін енгізуді қарастыратын негізгі заңға өзгерістерді парламентке Түркияның Әділет және даму партиясы енгізді.

Референдумда қабылданған жағдайда 2019 жылдан бастап енгізілетін өзгерістер президенттің құзырын кеңейте түседі. Атап айтқанда ол жарлық шығарып, министрлерді тағайындау құқығына ие болады және бұл жағдайда премьер-министрдің лауазымы тоқтатылады. Қолданыстағы норма қарастырғандай, мемлекет басшысы партияға мүшелігін де тоқтатпауы тиіс.

Соңғы жаңалықтар