Түркия Қазақстанға 1 млрд доллар көлемінде инвестиция құймақ

None
None
АНКАРА. ҚазАқпарат -  Алдағы екі жылда Түркия Қазақстанға 1 млрд доллар көлемінде инвестиция құюды жоспарлап отыр. Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркияда екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп жатқан қазақ журналистерінің баспасөз туры аясындағы ұйымдастырылған кездесуде Елші Абзал Сапарбекұлы екі ел арасындағы экономикалық қатынастарға тоқталды.

«Алдағы екі жылда Қазақстанға Түркия тарапынан шамамен 1 млрд АҚШ долларының инвестициясын жеткізсек деген жоспарымыз бар. Осы уақытқа дейін елімізге 2,1 млрд доллар тікелей түрік инвестициясы барған. Алдағы көктемге дейін 300 млн доллар инвестиция құйылады деп көздеп отырмыз. Соңғы бір жылдың ішінде 80 млн долларды құрайтын инвестициялық жұмыстар басталып кетті. Бұл - біздің негізгі бағытымыздың бірі. Қазіргі таңда бізді әр үш кездесуіміздің бірі инвесторлармен өтеді», - деді Қазақстан Елшісі.

Елші Абзал Сапарбекұлы Астана 5 желтоқсан күні өтетін «Инвестициялық форумға» Түркиядан салмақты делегация қатысқалы отырғанын сөз етті .

«Инвестициялық форумға 200-ге жуық компания қатысқалы жатыр. Соның 50-ге жуығы нақты жобалары бар түрік компаниялары»,- деді Қазақстан Елшісі.

Айта кетейік, Түркияда ұйымдастырылған баспасөз туры екі елдің дипломатиялық қарым-қатынастарындағы жетістіктер мен алдағы жоспарларды және Түркияның бүгінгі ахуалымен таныстыруға арналған. Баспасөз туры аясында қазақстандық журналистер Анкара қаласында Түркия үкіметіне қарасты Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TIKA) төраға орынбасары Сүрея Ермеппен, Түркия үкіметіне қарасты Баспасөз және ақпарат бас дирекциясының директоры Мехмет Ақжармен кездеседі. Сонымен қатар, қазақстандық делегация Түркияда 2016 жылы 15 шілдеде болған төңкеріс әрекетін көру мақсатында Түркия Ұлы Ұлттық мәжілісіне барып, Түркия-Қазақстан Парламенттері арасындағы Достық тобының төрағасы депутат Халюк Ипекпен кездеспек.

Түркиядағы баспасөз туры аясында ұйымдастырылатын маңызды шара 5 желтоқсан күні өткізілмек. Ол күні Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастың 25 жылдығына арналған халықаралық конференция өтеді. Конференция Түркия Үкіметінің белді мүшелері мен елдің экс-президенті Абдулла Гүл қатысады деп жоспарланып отыр.

Баспасөз туры аясында қазақ журналистері Түркияның Анталия қаласына барып, Мәдениет және туризм басқармасының директоры Ибрагим Ажармен кездеседі. Анталиядағы кездесуден соң, делегация Газиантеп қаласындағы Сирия босқындары орналасқан Изип-2 лагерін көреді.

Түркиядағы қазақ журналистерінің сапары 10 желтоқсан күні Ыстанбұл қаласында аяқталады.

Соңғы жаңалықтар