Түркістандағы индустриалды аймақта 14 жоба жүзеге асырылады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Түркістан қаласындағы индустриалды аймақта жобалық құны 11 028,1 млн теңгені құрайтын 14 жоба жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда 6 кәсіпорын мемлекеттік қабылдаудан өткен. Бүгін бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі Тәжібек Мұсаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көне шаһар әкімінің айтуынша,  кәсіпорындардың ашылуы нәтижесінде 240-қа жуық жұмыс орны ашылған.  Индустриалды аймаққа 1,3 млрд  теңге көлемінде инвестиция тартылды. Сондай-ақ, өңірде түйе сүтін өңдейтін «Golden Camel Group LTD» бірлескен қазақ-қытай кәсіпорны ағымдағы жылдың тамыз айында іске қосылмақ. Кәсіпорын түйе сүтінен түрлі өнімдер жасап, 7 түрлі энергетикалық сусын шығарады деп жоспарланып отыр.

 «Ағымдағы  жылдың қаңтар-наурыз айында индустриалды аймақтағы  кәсіпорындардың өндірген өнім көлемі 343,3 млн  теңгені құрап, жалпы өнеркәсіп өнім көлемінде үлесі 7,9 пайызға жеткен. Ағымдағы жылдың 3 айында өнеркәсіп өнім көлемі 4 331,2 млн  теңге болып отыр» ,- деді Тәжібек Қалманұлы. 

Бұдан бөлек, Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында  2010-2017 жылдары жалпы құны 3203 млрд  теңгенi құрайтын 15 жоба iске қосылып, 753 жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ, сауда-логистикалық орталығын салуға жалпы алаңы 20 гектар жер телімі бөлініп, мемлекеттік акті алыныпты. Орталықтың құрылысына 237 млн  теңге қаралып, онда жобалық құны 4792 млн  теңгені құрайтын 10 жобаны орналастыру жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар