Түркістанда үш жол апаты болып, екі адам қаза тапты

None
None
  ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Түркістанда екі күн ішінде үш бірдей жол апаты болып, екі адам ажал құшты. Көліктерде болған тағы  4 адам түрлі дене жарақатымен  ауруxанаға түскен.

Бұл туралы қаланың прокуроры Руслан Әбдірайымов фейсбук әлеуметтік желісінде жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі. 

Руслан Әлжанұлының айтуынша, жол-көлік оқиғасына кінәлі жүргізушілердің бірі пайғамбар жасынан асқан жаяу жүргіншіні қағып, қазаға ұшыратқан. Қазір 22 жастағы жүргізуші уақытша тергеу абақтысына қамалды. Ал, екінші жол  апаты бойынша көліктің артқы доңғалағы жарылып, аударылып кеткен. Салдарынан ондағы жүргізушінің 58 жастағы анасы көз жұмды. Прокурор тергеу барысында бұл жүргізушіге де бұлтартпау шарасы қаралатынын айтады. 

«Құрметті жүргізушілер!  Көлікте жылдамдықты сақтамау, көліктің теxникалық жағдайына немқұрайлы қарау, ажалмен ойнағанмен бірдей. Тек өзіңіздің ғана емес, жаяу жүргіншілер мен жолаушылардың өмірімен ойнау. Жүргізушіге  жол ережесін сақтау міндет саналады. «Байқамадым», «көзім байланды», «әдейі істеген жоқпын», «пәлеге ұрынып қалдым» деген уәждер мен таусылмайтын сылтаулар, қамауға алмауға не болмаса босатып жіберуге негіз болмайды.  Кінәлілер заңда көзделген қылмыстық жауапқа тартылатын болады. Алдағы уақытта, жол-көлік оқиғасына түскен көліктің фото суреттерін, жүргізушілер ойлансын деген мақсатта фейсбук әлеуметтік желісіне салып отыру қажет пе, деген ойға келдім. Соңғы екі күнде қайтыс болған ата-апаларымның иманын берсін, топырағы торқа болсын. Ағайын-туысына Алла сабыр берсін,  қайғыларыңызға ортақпыз» деп жазады қала прокуроры өзінің парақшасында.

Айта кетейік, жуырда ғана Түркістан қаласына жақын жерде жеңіл көлік жолда тұрған жүк машинасына соқтығысып, салдарынан екі адам оқиға орнында қаза тапқан еді. Кейіннен бақилық болғандардың Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі Сейіт Ертай мен облыстық мәслихаттың депутаты Қамытбек Айтөреев екені анықталды.  Ал, жол апатынан ауыр дене жарақатын алып, Түркістан қалалық ауруxанасының жансақтау бөліміне түскен жүргізуші бүгін палатаға шығарылды. Дәрігерлер оның жағдайы дұрысталып келе жатқанын айтады.

Соңғы жаңалықтар