Түркістанда сәулетшілер бас қосты

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет орталығында «Түркістан шехренгизі» атты шара өтті. «Түркістан-Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында ұйымдастырылған шараға түркі халықтарының сәулетшілері бас қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқосуды ТҮРІКСОЙ халықаралық ұйымы, Түркі әлемі инженерлер мен сәулетшілер одағы және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті бірлесіп ұйымдастырды.

«Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесін алған Түркістан қаласын қолдау мақсатында ұйымдастырылған бұл шараға Түркиядан 40-тан астам делегат қатысып, қасиетті қаланың болашақ дамуына байланысты өз пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ, жиынға ТҮРІКСОЙ, ТүрікПА, Түркі Академиясы секілді түркітілдес халықтардың ортақ интеграциялық халықаралық ұйымдарының өкілдері келді.

Айта кетейік, «Шехренгиз» сөзі ортағасырда түркі мұсылман жұртында, отырықшы халықтарда қолданылып, кейін ұмыт болған. Қазіргі тілмен айтқанда «Қала күні» ұғымына жақын мағына беретін сөз. Ортағасырлық мұсылман елдерінің қалаларында арнайы бір күнді осылай атап, сол күні қаланың болашақ дамуына, сәулет нысандарына қатысты мәжілістер өткізілген. Жиын соңы мүшәйраларға, түрлі өнер сайыстарына ұласатын болған. Бірнеше жылдан бері Түркиядағы Түркі әлемінің инженерлер мен сәулетшілер одағы осы дәстүрді қайта жандандыруға күш салуда. «Қашғардан Андалусияға дейінгі түркі мұсылман қалалары» атты бұл мега-жоба аясында бұған дейін де әлемнің бірнеше қаласында дәл осындай шаралар өткізілген болатын.

Жиын барысында сөз алған Түркі әлемі инженерлер мен сәулетшілер одағының Бас хатшысы Ильяс Демирджи түркиялық сәулетшілер Түркістан қаласының дамуына қатысты кез-келген сәулет-құрылыс жобаларының әзірленуі мен құрылыс жұмыстарының жүргізілуіне қолдан келер көмектерін беруге дайын екендіктерін жеткізді.

«Тіпті, нақты ұсыныстар болса, инвесторларды тартуға да мүдделіміз деп атап өтті»,-ол.

Соңғы жаңалықтар