Түркістан облыс орталығы болуға әбден лайық - Елбасы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркістан сыртқы және ішкі туристер мен жергілікті тұрғындар үшін өте қолайлы. Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы Жарлыққа қол қою кезінде осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, аталған тирихи оқиғаға байланысты жазылған бейнетүсірілімді AkordaPress әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Түркістан Қазақ хандығының ордасы болған әрі рухани тағылымы мол тарихты мекен екеніне тоқталған Мемлекет басшысы, «Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақтың біртуар азаматтарының ел мүддесі үшін жүргізген саяси күресі де Түркістан атауымен тығыз байланысты болғанын білеміз. Шежірелі өлке мұсылмандар үшін де қасиетті болып саналады», - деді.

Сонымен қатар, Президент бұл қала Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан үлкен өркениет орталығы екенін қадап айтты.

«Тек қазақ елінің ғана емес, бүкіл түркі жұртының зиярат жасайтын қастерлі орны. Оның рухани өмірінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің үлкен орны бар екенін білеміз. Тарихы терең Түркістанның туризм үшін де маңыздылығы ерекше. Қаланың тоғыз жолдың торабында орналасуы сыртқы және ішкі туристер мен жергілікті тұрғындар үшін өте қолайлы. Сондықтан Түркістан қай жағынан алсақ та, облыс орталығы болуға әбден лайық», - деп атап өтті Елбасы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойды.

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысының пайда болуына байланысты пікір білдірді.

Соңғы жаңалықтар