Түркі халықтарының «Ортақ түркі әдебиеті» жарыққа шығады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) түркі халықтарының «Ортақ түркі әдебиеті» оқулығын әзірлемек. Жобаны Түркі кеңесіне мүше төрт мемлекет қолдап отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ортақ оқулықты шығару мақсатында ой алмасу үшін бүгін Түркі кеңесіне мүше - Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Түркия елдерінің әдебиетші мамандары, БҒМ өкілдері мен Академияның сарапшылары Астанада бас қосты. Жиында сөз бастаған Халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) президенті Дархан Қыдырәлі бүгін оқулықтың өзі емес, бағдарламасы талқыланатынын атап өтті.

«2015 жылы осында өткен Саммит кезінде оқулықтың концепциясы қабылданды. Оған үлкен түрколог ғалымдар, әдебиет институтының директорлары қатысқан еді. ҚР БҒМ-де осы концепцияны мақұлдады. 2016 жылы біз Баку түркологиялық конгресінің 90 жылдығына орай өткізілген үлкен жиында түркі әлемінің үлкен ғалымдарымен пікір алмастық. 2017 жылы осы оқулықтардың бағдарламаларын тараптарға жібердік. Қазірге дейін Түркиядан осыған байланысты пікір келгенімен, басқа елдерден нақты ұсыныс білдірген жоқ. Ұсынысты осы жерде отырып, айтады деген үміттеміз», - деген TWESCO басшысы Түркі кеңесіне мүше елдердің өкілдеріне сөз берді.

Өз кезегінде Әзербайжаннан мемлекеттік педагогикалық университтің доценті Біләл Хасанов, Қырғызстан тарапынан Халықаралық қырғыз-түрік «Манас» университеті Шығыс тілдері бөлімінің меңгерушісі Османакун Ибраимов, Түркиядан Ұлттық білім беру министрлігі Еуропа Одағы және сыртқы байланыстар департаментінің директоры Ильхан Аксой, Қазақстан тарапынан Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Орта білім институты директорының орынбасары Қайыржан Рахымжанов жобаға бірауыздан қолдау білдіретіндерін жеткізді.

«Ортақ түркі әдебиеті оқулығына қатысты жаңалыққа өте қуаныштымыз. Бұл біздің алға қарай бір қадам басқанымыздың бір көрсеткіші. Оқулық бағдарламасында түркі халықтарының рухани, саяси, тарихи бірлігі өте терең көрсетілген. Оқулықтың бағыты дұрыс. Ортақ түркі әдебиеті негізі дәстүрлі әдебиетімізден басталған. Ауыз әдебиеті үлгілері қойылып, жазба ескерткіштеріміз және түркі халықтарының әдеби-көркем туындылары да танытылған. Әзербайжан Білім министрлігінің де бұл оқулықты қолдап отырғанын айтқым келеді», - деді Біләл Хасанов.

Жиын барысында Түркі кеңесіне мүше елдердің барлық өкілдері «Ортақ түркі әдебиеті» оқулығын шығаруды толығымен қолдайтындарын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар