Туризмді дамыту: «Көкшетау-Шымкент» əуе рейсі қайта жандандыруды қажет етеді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының билігі өңірде туризмді дамыту мақсатында Көкшетау-Шымкент əуе бағытын қайта жандандыру мәселесін көтеріп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысы əкімі баспасөз қызметінің дерегі бойынша, биылғы жылы "Көкшетау-Шымкент" бағытындағы əуе рейсін республикалық бюджет есебінен қаржыландыру қарастырылмаған көрінеді.

Тұрғындардың сұранысына қарамастан "Көкшетау-Шымкент" əуе рейсі 2017 жылдың 31 қаңтарынан бастап тоқтатылды. Өткен жылы осы бағытта 2500 жолаушы тасымалданған.

Көкшетау халықаралық әуежайының директоры Дастан Мəлиевтің сөзінше, аптасына екі реттен жарты жыл бойы қызмет көрсеткен Шымкент бағытындағы рейстің қайта ашылғаны маңызды.

Оған қоса, Д.Мəлиев Ақмола облысының билігі өңірде туризмді дамыту мақсатында "Көкшетау - Атырау - Көкшетау" жəне "Көкшетау - Актөбе - Көкшетау" бағытындағы тұрақты əуе рейстерін қайта жандандыру үшін Үкіметтен субсидия бөлу мəселесін шешуді сұрап отырғанын айтуда.

"Сонымен қатар біз Ақмола облысында туристік кластерді жəне азаматтық авиацияны дамыту үшін Көкшетау қаласын Орал, Өскемен, Қызылорда, Қарағанды, Қостанай, Тараз жəне Павлодар сынды облыс орталықтарымен байланыстыратын субсидияланған тұрақты əуе рейстерін 5 жыл мерзімге ұйымдастыру, кейіннен оларды коммерциялық əуе рейстеріне ауыстыру мəселесін қарауды сұрап жатырмыз",  - деді Д. Мəлиев.

Атап өтейік, 2017 жылы Ақмола облысында жолаушылар тасымалының көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,6 есеге ұлғайған. Бұған алдымен өңірде туристік кластердің дамуы себеп болып отыр.

2017 жылы Көкшетау əуежайынан Алматы, Ақтау, Шымкент  бағытында субсидияланған тұрақты 3 рейс пен «Мәскеу - Көкшетау - Мəскеу» бағытындағы бірінші халықаралық коммерциялық авиарейс жасалды. Бұл ретте, 2018 жылы «Көкшетау - Алматы»  жəне «Көкшетау - Ақтау» бағытындағы екі əуе рейсі ғана республикалық бюджет есебінен субсидиялауға қолдау тапты.

"Ал Мәскеу бағытындағы коммерциялық əуе рейсі болса, көктем-жаз маусымы кезеңінде келісім бойынша жұмыс істейтін болады", -  деді Д. Мəлиев.

Соңғы жаңалықтар