«Тұрғын үй куәлігімен» баспананы тездетіп алуға болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова көші-қон тұжырымдамасының жаңа жобасы аясында "тұрғын үй куәліктерін" енгізуді ұсынды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Біріншіден, көшіп барған отбасының әрбір мүшесіне мемлекеттік субсидия төленеді. Екіншіден, бір жылға дейін баспананы жалға алу шығындары өтеледі. Ал ол үйді бірден сатып алуға мүмкіндік болса, бір жылдық субсидияны толығымен беруге болады. Үшіншіден, "тұрғын үй куәліктері" жүйесі негізінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен заем алуға болады. Ондайда «тұрғын үй куәлігінің» 50 пайызын жергілікті атқарушы органдар төлейді деген жоспар бар. Қалғанын республилық бюджеттен берілетін субсидиямен өтеледі", - дейді Дүйсенова.

Министрдің сөзіне қарағанда, "тұрғын үй куәлігін" үйді толығымен сатып алуға, я болмаса, баспананың алғашқы жарнасы ретінде қолдануға мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, Тамара Қасымқызы еңбек ресурстары тапшы аймақтарға көшіп барған азаматтарға ауыл шаруашылығы жерлерін конкурссыз беруді ұсынып отыр. "Осы шаралардың нәтижесінде еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттырып, xалықты экономиканың сұранысына қарай қоныстандандыра аламыз", - деп атап көрсетті министр.

Айта кетейік , Үкіметтің бүгінгі отырысында Тамара Қасымқызы көші-қон саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы жобасын таныстырды. Аталған құжатта шетелдегі этникалық қазақтармен, олардың ішінде дарынды әрі іскер азаматтармен тығыз байланыс орнатуға да негізгі басымдық берілген. Сондай-ақ жоғары білікті мамандарды жеңілдетілген тәртіппен жұмысқа алу жайы да қарастырылып отыр. 

Соңғы жаңалықтар