Түнгі клубтағы видео: БҚО департаментінің басшысы қызметінен кетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы Мұрат Оспанов түнгі клубтағы видеодан кейін қызметінен кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ҚР Ұлттық экономика министрлігі жауапты хатшысының 2018 жылғы 18 сәуірдегі бұйрығымен М.Оспанов өз өтінішіне сәйкес қызметінен босатылды.

«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы» Заңына сәйкес этикалық әдеп талаптарын бұзу деректері бойынша мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігін қарау оның өз өтінішіне сәйкес қызметтен кетуіне кедергі келтірмейді.

Еске сала кетейік, аталған департамент басшысының түнгі клубтағы видеосына байланысты тексеру басталғанын бұдан бұрын жазған болатынбыз.

12 сәуір күні Youtube арнасында М.Оспановтың қатысуымен видео жарияланды. Онда белгісіз біреулердің шенеунікті түнгі клубтың холына көтеріп алып шыққанын, оның біраздан кейін барып есін жиғанын көруге болады.

Бұған байланысты департамент басшысы мас күйінде болмағандығын, тек есінен айырылып, құлап қалғандығын айтып, мәлімдеме жасаған болатын.

Соңғы жаңалықтар