«Тұлпар» киножүлдесі: Ақан Сатаевтың «Аудандар» фильмі үздік деп танылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Тұлпар» Ұлттық киножүлдесінің жеңімпаздары анықталды. «Үздік фильм» номинациясын Ақан Сатаевтың «Аудандар» фильмі жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Енді киножүлде шарты бойынша «Аудандар» фильмі Қазақстан атынан келесі «Оскар» жүлдесіне ұсынылатын үміткер картиналар қатарына өтеді.

Сонымен қатар, Ақан Сатаев аталған фильмі үшін «Үздік режисерлік жұмыс» номинациясын да жеңіп алды. Бұл фильмнің сценарийін жазған Тимур Жақсылықов «Үздік сценарий» жүлдесіне ие болды. Ал үздік шетел фильмі номинациясы бойынша қырғыз елінен келген режиссер Руслан Акунның «Анамды іздеймін» фильмі үздік деп танылды.

Айсұлу Әзімбаева «Желіде» кино картинасындағы шеберлігі үшін «Үздік әйел адамның рөлі» номинациясын жеңіп алса, «Үздік ер адам рөлі» жүлдесін «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмінің актері Қайрат Кемалов пен «Аудандардағы» Эльтерес Нұржанов жеңіп алды. 

Ең үздік операторлық жұмыс сыйлығы «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» кинокартинасы бойынша Сапар Койчуманов пен Александр Плотниковке бұйырды. «Фильмге жазылған үздік музыка» номинациясына «Аудандар» фильмінің композиторы Әлім Заиров лайық деп танылды. «Үздік қоюшы-суретші» жүлдесін «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильміндегі еңбегі үшін Өмірзак Шманов пен Сәбит Құрманбеков алды.

«Тұлпар» Ұлттық киножүлдесін өткізуге бюджеттен 90 млн теңге бөлінген. Киножүлдеге үміткер ретінде 100-ге жуық кинокартина ұсынылды.  

Соңғы жаңалықтар