Туған жерінде Хадиша Бөкееваның мүсіні ашылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Хадиша Бөкееваның (1917 - 2011) 100 жылдығына арналған шаралар аясында туған жері Қазталов ауданы орталығында атақты актрисаның мүсіні ашылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Аудандық мәдениет үйінің алдында орнатылған мүсіннің ашылу рәсімінде аудан әкімі Нұрлан Бекқайыр, белгілі актер, Қазақстанның халық әртісі Құман Тастанбеков мұның сахна саңлағына көрсетілген құрмет екендігін, оның есімін мәңгі есте қалдыру бағытындағы шаралардың жалғасын табатынын жеткізді.

Биіктігі үш метрге жуық мүсінді жазушы Сара Латиева мен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов ашып, гүл шоқтары қойылды.

2 

Аудандық мәдениет үйінде арнайы көрмемен танысып, деректі фильмді тамашалаған жұртшылық содан кейін өлкетанушы Жайсаң Ақбай, еңбек ардагері Мұлхайдар Әміреев, осы тойға арнайы келген өнер қайраткерлері Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешева, «Хадиша Бөкеева» атты кітаптың авторы Сара Латиеваның естеліктеріне құлақ түрді.

3 

«Өмірін өнерімен өрнектеген» атты театрландырылған қойылым барысында жергілікті мәдениет саласының қызметкерлері Хадиша Бөкеева сомдаған рөлдерді сахнаға алып шықса, Батыс Қазақстан облысының түлегі, «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрының солисі Айзада Қапонова, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әншілері Ақмарал Ахметова, Айбар Хайырханов, Нұржан Тасболатов, Альберт Ғазизжанов, Ернар Өмірәлі әуезді әндерімен көпшілік көңілін көтере түсті.

Хадиша Бөкееваның 100 жылдығына арналған мәдени шаралар бүгін ат бәйгесі, күрес, көкпар, қыз қуу, аударыспақ сынды ұлттық спорт ойындарымен түйінделді.

4 

Соңғы жаңалықтар