«Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруды сөзбұйдаға салар уақыт жоқ - Ерлан Сыдықов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарық көргеннен кейін ондағы айтылған басты идеяларды жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар басталып та кетті. Ұлттық жаңғыру жөніндегі арнайы комиссия да құрылып, оның аясында 6 жұмыс тобы айқындалып, 6 жоба бекітілгені белгілі. Оның бірі «Туған жер» деп аталады. «ҚазАқпарат» тілшісі аталған жобаның жетекшісі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовқа жолығып, бағдарлама аясында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайында білуге тырысқан еді.

- Ерлан Батташұлы, «Туған жер» жобасына жетекшілік жасайсыз. Осы уақытқа дейін қандай жұмыстар атқарылды? Алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Бұл сауалыңа жауап бермес бұрын сәл тарихқа шегініс жасап, мына жайттарды атап өтсем. Тәуелсіз мемлекет атанғанымызға, міне, 25 жылдан астам уақыт өтті. Бұл тарихи тұрғыдан алып қарағанда қас-қағым сәт болғанымен, адам ғұмырымен есептегенде өте үлкен уақыт. Дегенмен, мұның өзі де қойылған мақсатқа тікелей байланысты. Егемендіктің елең-алаңындағы біздегі мақсат - тәуелсіз ел болып, еңсені тіктеп, әлемдік дәрежеде дамыған үлкен елдердің қатарына қосылу еді. Ал оны Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев саясатқа, билікке келген күннен бастап алға қойып келеді. Міне, осыған байланысты қауырт әрі қысқа ғана уақыттың ішінде көп нәрсені игеруіміз керек болды. Көп мақсатты алдымызға қойдық. Олай болатын болса, мұны қысқа уақыт, қас-қағым сәт деп айтуға болмайды. Әрине, алғашқы мемлекет құру сол кездегі басшылықта, саясатта жүргендердің, жалпы қазақстандық азаматтардың тәжірибесінде болған емес. Сол себепті әлем мемлекеттерінің құрылу тарихы, дамыған елге қандай саясаттың, қандай реформаның арқасында жеткендігі терең зерттелді.

Баршаға белгілі 90-шы жылдардың басындағы қиын жағдайға қарамастан, күрделі реформалар қолға алынды. Оның ең бастысы - экономикамызды әлемдік экономикамен интеграциялау. Онсыз болмайды. Өйткені нарықтық экономика құрып, қаржының, жұмыс күшінің, капиталдың еркін жүруіне жағдай жасамайынша капиталистік қоғам құру мүмкін емес. Ал бүгінде экономикамызды әлемдік дәрежедегі белгілі бір стандарттарға жеткіздік деп толықтай айта аламыз.

Айта кетерлігі, сол кездегі Елбасының ұстанған саясаты «алдымен экономика» болды. Логикаға сыяды. Өйткені қарның тоқ болып, материалдық жағдайың түзелмейінше, аш-жалаңаш болсаң - бас қатырар басқа қандай мәселең болмақ? Олай болса, қазір осы жүйеміздің дұрыс екендігіне көзіміз жетті. Мәселен, 1993 жылғы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 690 доллар төңірегінде болса, 2013 жылы 14 мың долларға жуықтады. Соңғы жылдардағы әлемдік дағдарысқа байланысты өткен жылы 7500 доллар болды.

Экономикадан бөлек ел, мемлекет басқару институттарын да әлемдік дәрежедегі тиімді формаларын қабылдап, енгізе алдық. Біздің қабылдағанымыз президенттік басқару жүйесі болды. Бұл жүйені қабылдаудың да нақты дәлелі бар. Айтар болсақ, жаңадан құрылған мемлекетке, алдында үлкен-үлкен өзгерістер күтіп тұрған мемлекетке бір орталыққа бағыну дұрыс еді. Яғни президенттік мықты биліктің арқасында ғана реформаларды жүргізу, күрделі мәселелерді шешу мүмкін болатын. Әрине, демократия, парламенттік басқару дейміз. Бірақ мұның барлығы да алда тұрған кезеңдер. Демократияның өзі жетіп барып тоқтайтын белгілі бір мақсат емес, ол - процесс. Үнемі жүреді, шегі жоқ. Олай болатын болса, біз өзіміздің ділімізді, ерекшеліктерімізді егжей-тегжейлі қарап барып ілгерілеуміз керек. Секіріп алға жүріп кетудің кері серпіліс те боларын естен шығармау керек.

Міне, 25 жылдың ішінде осы процестердің тағы бір белесіне жетіп отырмыз. Таяуда Мемлекет басшысы өз бастамасымен Конституцияға өзгерістер енгізді. Яғни өзінің президенттік құзіретін, билігін басқа мемлекет басқару институттарына бөліп берді. Бұл - теңдессіз жайт. Барлық президенттер керісінше, билікті өзіне жинағысы келеді. Ал бізде бір орталыққа бағындырған, халықты өзінің төңірегіне топтастырған президенттік билік өзінің миссиясын толыққанды орындағаннан кейін біртіндеп құзіретін биліктің басқа тармақтары - Үкімет, Парламент, жергілікті атқарушы органдар, Конституциялық кеңес, соттарға бөліп беруде. Алайда бұл осымен президенттік билік доғарылады деген де сөз емес.

Бүгінде Қазақстан барлық жағынан танымал елге айналды. Енді әлемдік картада мығым орын алған мемлекетіміздің қауіпсіздігін, ерекшеліктерін, дәстүрі мен тарихын сақтай отырып, мұнан ары дамыта түсуіміз қажет. Ол үшін мына жайтты ескеруіміз керек. Біз алпауыт елдердің ортасында өмір сүріп отырған мемлекетпіз. Шығыста - Қытай, Солтүстікте - Ресей, оңтүстігімізде - Өзбекстаннан ары қоныстанған жағдайы күрделі Пәкістан мен Ауғанстан бар. Міне, осындай жағдайда дұрыс саясат жүргізе білу - Елбасының үлкен көрегендігінің арқасы. Біз барлық көршілерімізбен татумыз, шекарамызды бекіттік. Енді оны қорғап тұру керек. Қазіргі жағдайда образды түрде немесе тура айтар болсам, ешқандай да мемлекет жанжал болған жағдайда өзін мылтықтың күшімен сақтап қала алмайды. Бүгінгі соғыс ақпарат арқылы ми үшін, сана үшін жүргізіледі. Өйткені онда шекара жоқ. Ақпарат құралдары немесе әлеуметтік желілер арқылы санаңды жаулап алғаннан кейін қолыңа қанша мылтық берсе де, еліңді қорғауға бармайсың. Өйткені санаң саған басқаша бұйрық береді. Сондықтан осы сананың тазалығын сақтау, жаңаша қалыптасқан мемлекетімізді сүю, бұл біздің мемлекетіміз екендігін түсініп, соған орай сананы қалыптастыру қажет. Сананың жаңғыруы, рухани жаңғыру деген, міне, осыған әкелуі тиіс.

Біз бүгінде 18 млн. қазақстандықпыз. Тәуелсіз, әлем мойындаған мемлекетіміз бар. 18 миллион азаматтың әрқайсысы «бұл - менің елім» деп айтып, жай айтып қана қоймай, мақтанып, мақтанып қоймай, оны жан-тәнімен қорғайтындай жағдай жасауымыз керек. Біз кімбіз? Ежелден келе жатқан тарихымыз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз бар халықпыз. Соның барлығын тәуелсіз еліміздің игілігіне, құндылыққа айналдыруымыз шарт. Өйткені Мәңгілік елге айналуымыздың бірден-бір жолы осы.

Міне, осы тұрғыда сәуір айында жарияланған Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында өте терең ойлар айтылды. Бұл ойлардың бірден қолдау табуы - елдің басым көпшілігінің жүрегінде, көкірегінде жүрген мәселелердің қозғалғандығында.

«Туған жер» бағдарламасына келер болсақ, туған жер дегенміз - ол сенің кіндік қаның тамған жер. Сол жеріңді сүймейінше, бағаламайынша, тарихын білмейінше, сол жеріңмен мақтанбайынша - сен еліңмен мақтана алмайсың. Сондықтан «Туған жер» бағдарламасы біртіндеп келіп, «Туған ел» бағдарламасына айналуы тиіс. Яғни сен Отаныңды, еліңді сүю үшін ең алдымен ауылыңды сүюің керек. Ауылыңды білмей жатып, оған көмек бермейінше, еліңді сүйе алмайсың.

Осы тұрғыда біз «Туған жер» бағдарламасының өзін 4 бағытта анықтап алдық. Бірінші бағытта туған жерге деген сүйіспеншілікті тәрбие және білім арқылы қалыптастыру жүргізіледі. Арнайы кітаптар шығарылып, тарих пәндеріне үлкен өзгерістер енгізіледі. Екіншісі - «Атамекен» деп аталады. Оның аясында ауылдан шыққан азаматтардың, кәсіпкерлердің туған жерлерін ұмытпай келіп, көмектесуі көзделеді. Үшінші бағыт - Рухани қазына деп аталады. Бұл бағытта әр ауылдың төңірегіндегі қасиеттер жерлер, танымал адамдар тарихы зерделенеді. Төртінші бағыт - ақпарат толқыны. Бұл бағытта «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру барысын БАҚ арқылы ақпараттандыру және қоғамда жаңаша ой-өріс, парасат-пайым қалыптастыру көзделеді.

Жалпы бұл дүниелердің барлығы үлкен жұмысты қажет еткенімен, уақтылы көтерілген мәселелер. Бұл бізге берілген мүмкіндік. Оны билік те, қоғамдық ұйымдар да, саяси партиялар да, жалпы азаматтар да пайдалануы керек. Мұны жоғарыдан түскен нұсқау немесе бұйрық деп қарайтын болсақ, онда ол көпке бармайды. Мақалада айтылған идеялар жүйеленіп, қаржымен бекітіліп, әр азаматтың жүрегінен орын табатын болса, онда бұл бағдарлама мәңгілік елдің мәңгілік бағдарламасына айналатыны анық. Біз осы тұрғыда жұмыстарымызды бастап та кеттік.

Айта кетейін, біз бұл жұмыстарға қазіргі әлемдегі жаңа әдістерді қолдана отырып жаңаша кірістік. Бюрократияны жойдық, нақты іске нақты іс-шара белгілеп, нақты қаражатын анықтадық. Нақты мерзімі, орындаушылары бар. Оны сөзбұйдаға салатындай уақыт жоқ. Университетіміздің негізінде  жобалық офис құрылды. Алдағы уақытта жер-жерлерде осындай офистер ашылады. Оларда қызмет ететін адамдардың барлығы елордаға шақырылып, Мемлекеттік қызмет академиясында бір апталық курстан өтіп, емтихан тапсырғаннан кейін арнайы сертификат алады.  Мұның барлығы  олардың өздері үшін де керек .Олар тек «Туған жер» бағдарламасы үшін ғана оқытылып жатқан жоқ. Алған білімдерін кез келген бағдарламаны іске асыру үшін қолдана алады.

- Сұхбат барысында жұмыстарыңызды 4 бағытта бастағандықтарыңызды атап өттіңіз. Енді олардың белгілі бір деңгейдегі нәтижесін қашан көре аламыз?

- Бұл сауалың сәл ертерек қойылып отырған сияқты. Өйткені біз бір нәрсені бастамай жатып, нәтиже күтеміз. Нәтижені экономикада, қаржы саласында, өнеркәсіпте күтуге болады. Міне, мынадай бұйым шығарып саттық, ақшасы - мынау деп. Ал «Туған жер» бағдарламасы - санаға өзгеріс енгізетін дүние. Рухани дүниелердің барлығын қайта қарап, оны жаңғырту бағытында жобалар, бағдарламалар жасауымыз керек. Мұның барлығы бір күндік шаруа емес және оның нәтижесін біз көзбен көре алмаймыз, құлақпен ести алмаймыз, мұрынмен сезе алмаймыз. Оны  жалпы Қазақ елінің, Қазақстан деген мемлекеттің  дамуы мен өсуі, әлемде мойындалуы арқылы ғана бағалай аламыз. Ол үшін жоғарыда айтқандарымның барлығы іске асуы тиіс. Әр азаматы ауылын сүюі, көмек көрсетуі, мақтануы, тарихын білуі шарт. Мұнан бөлек, Қазақстанның құндылықтарымен мақтанып қана қоймай, оны әлемге жеткізуіміз керек.

Мәселен, Жидебай. Біз Әуезовтен кейін Абай арқылы Жидебайды әлемге жеткізе алдық па? Әлі күнге Абайды шет тіліне аударған жоқпыз. Бар-жоғы орыс тілінде ғана жарық көрді. Оның өзі баяғыда аударылды. Түркістан. Қожа Ахмет Яссауи. Оның біз киелі жер екендігін айтамыз. Ал бірақ соны әлемге дәлелдедік пе? Екінші Мекке жасай алдық па? Жасай алған жоқпыз. Бірақ сұранып тұр. Оның да иесі - қазақтар. Мынау Семей, Ертістің бойы тұнып тұрған киелі жер. Анау Санкт-Петербург сияқты алғашқы  мәдениет, алғашқы театр, алғашқы баспа, алғашқы газет, алғашқы телеграф, алғашқы аэроплан, алғашқы демократиялық Үкімет барлығы да сол жерден шыққан. Соны біз дәріптеп жатырмыз ба? Көрсете алдық па? Алтай. Сұранып-ақ тұр. Бүкіл түркі әлемі Алтайға табынып отыр. Соны біз, қазақ Алтайға ие екендігімізді сезініп те отырғанымыз жоқ. Бүкіл әлем елдері Алтайды атажұртымыз дейді, сағынады. Алтай десе, көздеріне жас алады. Ал біз соларға келіңдер, көріңдер деп жағдай жасай алып отырмыз ба? 75 млн. түрік атажұртына келуге дайын. Басқа түркі әлемі де. Әрбірден кейін бүкіл адамзаттың басым бөлігі Алтайдан тараған.

Қазір Алтайды 4 мемлекет иелік етсе де, оны мекендеп отырғандардың барлығы қазақ. Ресейдің Алтай жағында - қазақтар, Моңғолияның Алтай жағында - қазақтар, Қытайдың Алтай етегінде де қазақтар қоныстанған. Яғни ата жұртқа иелік етіп отырғандар - қазақтар. Олай болса, мұны да көрсетіп, мақтануға, оған елдерді шақыруға болады.

Түркістанға қайта оралайын. Мекке мен Мединеге көпшілігі бара алмайды. Ал Түркістанға үш рет барып келсек, Меккеге бір рет Қажылық жасағанмен бірдей. Осыны неге Діни басқарма қолға алмайды? Осыны неге айтпайды, ұйымдастырмайды, уағыздамайды? Меккеге бара алмасаң, Қожа Ахмет Яссауиге барып келу керек.

Айта берсек, осындай қасиетті жерлер өте көп, оның барлығының сананы қалыптастыруға ықпалы зор. Ең бастысы, тәуелсіз елдің азат азаматымын деп мақтанатындай сана енгізуіміз керек. Ең бастысы - сол. Біз  өмір бақи тәуелсіз елде өмір сүріп көргеніміз жоқ. Жоңғардан жалтақтадық, моңғолдың тепкісін көрдік, орысқа отар болдық. Бірақ соған қарамастан, елімізді тастамадық. Туған жерімізде өмір сүрудеміз, батыр елміз.

Бір жақсы бағдарламаның жоғарыдан  қалыптасуын, қаржыландырылуын күтпестен, белгілі бір нұсқауды тоспастан көп жерлер  оны іліп алып кетіп жатыр. Әртүрлі экспедициялар шыға бастады. Бірлестіктер құрылып, зерттеу жұмыстары да шама-шарқынша жүргізілуде. Әрине, мұның барлығында да жүйе болуы керек. Бірақ халықтың іліп әкеткендігінің өзі бағдарламаның өміршеңдігін, халықтың күтіп отырғандығын  көрсетеді.

Мәселен, біздің университетімізде «Туған жер тарихы» деген жаңа жоба жұмысын бастады. Яғни жер-жердегі ауылдардың тарихын кітап қылып  шығаруды қолға алдық. Өткен жолы ғана Тарихшылардың ұлттық конгресі аясында екі кітаптың тұсаукесерін жасадық.  Біреуі  -профессор Зиябек Қабылдиновтың «Астана», екіншісі - Бекен Теміров деген өлкетанушы азаматтың «Саржал» кітабы. Екеуі де өзінің ауылын сүйіспеншілікпен жазған, үлгі-өнеге боларлықтай, әп-әдемі-ақ кітаптар.

- Ерлан Батташұлы, сіз есімі елге танымал азаматсыз. Осыған орай өзгелерге үлгі-өнеге боларлықтай туған жеріңізге қандай көмек бере алдыңыз?

- Әр адамның шама-шарқы әртүрлі. Бәріне бірдей туған ауылыңа материалдық, қаржылық тұрғыда көмек көрсет деу дұрыс емес. Ең басты мақсат сенің ауылыңның бар екендігін, оның саған ыстық екендігін, кіші отаның екендігін еске салу керек. Мұнан кейін олар өздерінің шамалары келгенше қайырымдылық шараларын атқара жатар. Ал барлығын жинап алып, сен ананы, сен мынаны істе деп айтсаң, ол науқаншылдыққа айналып, нақты нәтиже бермейді.  Сондықтан ең алдымен адамдарды рухани жаңғырту  арқылы  санасына қайырымдылық дәнегін сіңіру керек. Содан кейін ол өзінің баласына «мынау сенің туған жерің, шамаң келсе көмектес, қолда» деп айтуы арқылы ізгі ойды сіңіруі тиіс. Сонда ғана біреуге айтқызбастан туған жеріне көмек қолын созатын азаматтар пайда болады. Біреуге айтып, күштеп жасатқан нәрсенің жан дүниеден шықпағаннан кейін келешегі  болмайды.

Осыдан 7-8 жыл бұрын Шығыс Қазақстанда, Шәкәрім университетінде ректор болып жүргенімде білім саласында көптеген шаруа атқардық. Мәселен, Шәкәрімнің атын университетке бергізіп, өз күшімізбен ескерткішін тұрғыздық. Шәкәрімтану ғылыми орталығын аштық. Журналдар шығара бастадық. Шәкәрімтану ғылыми жинағын, оның тұлғасын жан-жақты ашып көрсететін энциклопедияны шығардық. Осының барлығы да туған жерге тағзым, сол үшін жасалған жұмыстар еді. Ал мұны ақшалай немесе материалдық тұрғыда бағалай аламыз ба? Жоқ. Бұдан бөлек Алаштану орталығы құрылып, зерттеу жұмыстары қолға алынды. Кітаптар, журналдар шығарылды. Әлихан Бөкейхановқа мүсін орнатылды.

Шығыс Қазақстан облысына белгілі қоғам қайраткері Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев әкім болып келісімен үлкен бастама көтеріп, «Туған жерге тағзым» деген акция бастаған болатын. Сол кезде аталған акция аясында үлкен жұмыстар атқарылып, қалталы, жағдайы бар азаматтардың көбісі келіп, өңірге көмек көрсетті.  Спорт кешенін, мектеп салып берді, жаңа жұмыс орындарын ашты. Өскеменде мешіт салынды. Бұл бір облыстың қолға алған акциясы аясында ғана атқарылған шаруа. Енді, міне, Елбасының бағдарламалық мақаласынан кейін туған жерге деген көмек шаралары мемлекеттік деңгейде жүзеге асырыла бастады.

Ал жеке өз басыма келсем, сол кезде Бердібек Мәшбекұлы: «Өсіп-өркендеген әулетсіңдер. Әкелерің Абай ауданында басшылық қызметте болды. Сол ауданда туып-өстіңдер. Не көмек көрсете аласыңдар?» деп сұраған еді. Әулетімізбен ақылдаса келе, 10 мыңнан астам тұрғыны бар Абай ауданының орталығына шақ қонақ үй салып  бердік. Туған жерге қосқан үлес қаржы-қаражатпен ғана есептелінбейтідігін ескере, Семейде елден шыққан азаматтарды оқыттық. Ақылы оқуларын төлеп, не болмаса арнайы гранттар тауып бердік. Өзімнен кейінгі інім де шахтада жұмыс істеп жүрген кезінде жұмыс орнының есебінен ауыл азаматтарын тау-кен инженері оқуына жіберді. Олардың барлығы да бүгінде өз саласының білікті мамандары ретінде жұмыс істеуде.

Жалпы білім саласында жұмыс істегеннен кейін елге көмек күнделікті атқарылатын іс деп білемін. Жастарға тәлім-тәрбие, бағыт-бағдар берудеміз, мұны күделікті көмек деп есептеуге болады. Біздің жалақымен оны есептеуге болмайды, одан әлдеқайда көп жұмыс атқарылуда.

Жолдасым да ғылым докторы. Ол да Семейдегі жекеменшік  университеттің ректоры қызметін атқарады. Сол университетте көптеген жас талантты балаларға қол ұшын беріп, тегін оқытып жатырмыз. Оның санын айтқым келмейді. Мұнан бөлек балалар үйлеріне, тағы да басқа көмек көрсетіп жатқан жерлеріміз бар. Бірақ, оның бәрін жарияламаймыз, айтпаймыз. Бұл отбасымыздың ұстанымы. Шын ниетіңмен жақсылық жасадың ба, оны біреуге айтып мақтан тұтпа деген қағиданы ұстанамыз. Жалпы, біздің отбасымыз сияқты жақсылық жасап жүрген отбасылар бірнеше жүздеп кездеседі десем артық айтқаным емес.

- Осыдан біраз уақыт бұрын Торғай өңіріне арнайы экспедицияны басқарып барып, Кейкі   батырдың сүйегін іздеу жұмыстарын жүргізген едіңіз. Экспедиция  жұмысының нәтижесі қандай? Батырдың сүйегін табуға үміт бар ма?

- Жоғарыда айтқанымдай, біздің  басты мақсатымыз - 18 млн. азаматтың бойында тәуелсіз еліне деген сүйіспеншілікті, мақтаныш сезімді ояту. Ал ол үшін құндылықтарымызды жинап, оны таныстыруымыз, соның негізінде тәлім-тәрбие беруіміз қажет. Кеңестік заманда бұлар кейін ұлтты рухтандыру, жігерін жану үшін пайдаланбасын деп тарихи құнды жәдігерлерімізбен бірге өздеріне қарсы шыққан батырларымыздың  бас сүйектерін де алып кетіп отырған. Өздеріңізге белгілі, Елбасының, елімізде көтерілген  қоғамдық пікірдің арқасында Эрмитаждан Кейкі батырдың басы қайтарылды. Оны баспасөз жақсы жазды. Бас сүйек Венгрияға жіберіп, жан-жақты тексеріліп, мүсіні жасалды. Бәрі дайын. Арқалық қаласы маңайынан кесене салынуда. Қыркүйек айында үлкен конференция өтіп, ас беріледі және бас сүйегі жер қойнына тапсырылады.

Осыған байланысты университетіміздің белгілі археологы Ұлан Үмітқалиев бастаған 15-ке жуық адам он күннен астам уақыт бойы Торғай өңірінде болып, көне көз қариялардың «Кейкі батырдың мүрдесі осында жерленуі мүмкін» деп көрсеткен жерлеріне ғылыми-әдістемелік негізде қазба жұмыстарын жүргізді. Алайда болжаған жерлердің бірде-бірінен мүрде табылмады. Бірақ сол жердегі қариялардың көпшілігі Кейкі батырдың бас сүйегін алып кеткеннен кейін қалған сүйегі жергілікті тұрғындар табынбасын, киелі орынға айналмасын деген оймен мөшекке салынып, суға ағызып жіберілген дегенді айтуда. Меніңше, бұл шындыққа жанасады. Өйткені Кеңес үкіметіне қарсылық танытқандардың басын алып кеткенімен, олар оның қалған сүйегін де жай қалдырмайды. Мәселен, Шәкәрімді алайық. НКВД Шәкәрімді атып тастағаннан кейін мүрдесін атқа өңгеріп, ауыл-ауылды аралап, сендердің бас иетін, табынатын адамдарыңның түрі мынау деп көрсетіп шыққаннан кейін сүйекті жерлемей, құдыққа тастай салады. Бұл да солай болуы ықтимал. Кейкі батырдың басын алып кетті де, мүрдесін жоқ қылып жіберді. Тоқ етерін айтқанда, батырдың мүрдесі табыла қояды-ау деген сеніміміз шетінеп тұр. Дегенмен бұл «сүйегі табылмады, енді батырдың басы жер қойнына берілмейді» деген сөз емес. Бас сүйек арулап жерленеді. Өлген, алғашқы жерленген жерлерінен топырақ әкелініп салынатын болады.

- Уақыт тауып, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!

Соңғы жаңалықтар