«Туған елге тағзым» экспедициясы Батыс Қазақстанның тарихи орындарымен танысты

None
None
 ОРАЛ. ҚазАқпарат - Құрамында Қарағанды және Қостанай қалаларындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінің шәкірттері бар «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы Батыс Қазақстан облысына келіп, өңірдің тарихи орындарымен танысуда. Бүгін экспедиция Сырым ауданы орталығы Жымпиты ауылындағы Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі мен Алашорда музейінде болып, танымдық-зерттеу жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы Ақмоншақ Жұмаеваның айтуынша, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мақсат-міндеттерімен толық үндесетін «Туған елге тағзым» атты дәстүрлі жоба «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы арқылы Қазақстанның қалаларына экспедиция түрінде ұйымдастырылып келеді. Мысалы, қарағандылық және қостанайлық шәкірттер Батыс Қазақстан облысына келсе, оралдық оқушылар Қарағанды өңіріне сапарлап кетті. Экспедиция құрамына оқу жылы үздік нәтиже көрсеткен шәкірттер алынады. Бұл жоба мақсаты - белгілі бір аймақты тану, зерттеу. Биыл Алашорда үкіметінің 100 жылдығы басты тақырып ретінде алынып отыр. Сондықтан жас зияткерлер өткен ғасырдың басында Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесі ту тігіп, ірге көтерген жері - Жымпитыға ат басын тіреді.

1 

Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушылары аудан басшысы Абат Шыныбековпен және тарих ғылымдарының кандидаты, алаштанушы Дәметкен Сүлейменовамен кездесіп, әңгімелесті. Жүздесу барысында аудан әкімі өңірдің арғы-бергі тарихына тоқталып, онда Сырым Датұлы, Тайлақ батыр, Алашорданың көрнекті қайраткері Жаһанша Досмұхамедов, ақындар Абдолла Жұмағалиев, Қадыр Мырза Әли, суретші Мұратбек Жоламанов сынды біртуар тұлғалардың дүниеге келгендігін айтып өтті. Жымпиты - Семей бағытындағы «Алаш жолымен...» тарихи-танымдық экспедициясының жұмысы да сөз болды.

2 

Жас зияткерлер экспедиция қорытындысы бойынша ғылыми мақала, эссе жазады. Осыған орай Абат Шыныбеков олардың Сырым ауданына қатысты еңбектері бойынша аудан әкімдігі атынан байқау ұйымдастыру жөнінде ұсыныс білдіріп, бұл бастаманы аталмыш мектептер ұстаздары қолдады. Келген қонақтардың барлығына Сырым ауданы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген «Абдолла» атты кітап пен аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының шәкірттері жасаған кәдесыйлар берілді.

Экспедиция мүшелері ертең Орал қаласындағы музейлер және өндіріс орындарымен танысады. 

4

Соңғы жаңалықтар